ҰЙҚЫНЫ ҚАЛАЙ АЗАЙТУҒА БОЛАДЫ?
Ұйқы – Алла Тағаланың бұл әлемге қойған заңдылығы әрі адам баласына берген үлкен нығметінің бірі. Алла Тағала Құранда: «Ол сондай Алла, сендерге түнді киім, ұйқыны тынығу етіп, күндізді (кәсіпке) тарқау мезгілі қылды», – деген. Алла Тағала түнді бізге тынығу үшін бергендіктен, түнде көбірек ұйықтап, ал күндіз тіршілік қамын жасау керек. Ұйқының мақсаты – денені демалдыру, күш-қуат жинау және Аллаға құлшылық етуге дайын болу.
Жалпы шариғатта ұйқыны азайтуға қатысты нақты дәлелдер келмегенімен, ұйқыны реттеу, көп ұйықтамау және уақытты тиімді пайдалану сияқты насихаттар айтылған. Сол себепті адам ұйқысын реттесе, өмірде көп жетістікке қол жеткізеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), сахабалар аз ұйықтаған. Соған қарамастан түннің бір бөлігінде намазға тұратын. Алла Тағала Құранда құлшылық етушілерді сипаттап, былай дейді: «Олар (мұхсиндер) түннен аз ғана ұйықтайтын, ал сәресінде олар кешірім тілейтін». Сол себепті де білім иелері көп ұйықтауды мәкрүһ санаған. Өйткені көп ұйықтау – жалқаулықтың белгісі әрі уақытты босқа өткізуге алып барады. Кейбір ғалымдар: «Көп ұйқы жүректі өлтіреді, денеге ауырлық туғызады. Уақытты азайтып, ғапылдық пен жалқаулыққа алып келеді. Ұйқының ең пайдалысы – қатты ұйқы қысқан уақытта ұйықтау», – деген.
Тамақты аз жеу. Өйткені асқазан асқа толған сайын адам көп ұйықтайды. Ал тамақты азайтқан сайын, ұйқы да азаяды. Сонымен қатар тамаққа тойып ұйықтау – денсаулыққа зиян әрі ауыр ұйқыға себеп.
Таңертең ерте тұрып, түнде уақытылы ұйықтау. Өйткені таң намазы мен күн шығудың арасында ұйықтау – ұнамсыз амал. Себебі ол уақыт – ризықтар түсіріліп, берекеге кенелетін сәт. Түнде құптан намазын оқып, бірден ұйықтаған жақсы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құптан намазына дейін ұйықтауды және одан кейін бос сөзді ұнатпаған.
Ұйықтау уақытын бірте-бірте қысқарту. Осылайша адам нәпсісін тәрбиелейді.
Ғибадатына мән беріп, қаза етіп алам ба деп қорқу. Өйткені адам қорқып бір нәрсені ойласа, ұйқысы азаяды.
Ұйқының сапасын жақсарту. Ұйықтар алдында гаджеттерді қолданбау, бөлмені қараңғылау, терезені ашып, ауаны тазарту сияқты әдістер тиімді.
Бұл амалдар ұйқыны реттеуге, көп ұйықтамауға әрі уақытты тиімді пайдалануға септігін тигізеді.
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ