Əссəляму əълейкум, ұстаз! Сұрағым бар еді. Бір үлкен кісі айтады: «мен – дейді - 20 жылдан бері Құранның аудармасын оқып келем. Бірақ ішінен «Хижаб» сөзін таппадым. Мен келіспеймін хижабқа», - дейді. Бұған не дейсіз? Оның ойынша, ішінде «Хижаб» сөзі келуі керек екен.
Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
«Хижаб» сөзі Құранда бар. Ол сөз Ахзаб сүресі, 53 аятында орын алған. Пайғамбарымыздың үй ішіне қатысты өзге мұсылмандардың білуі тиіс әдеп нормалары айтылған аталмыш аятта мынадай сөйлем бар:
"Уәиз̃ә сәәлтумууһуннә мәтәъан фәсәлууһуннә миу уәрәи хижәәб. Зәликум атһару лиқулуубикум уә қулуубиһинн".
Оның мағынасы: «Егер Пайғамбардың жұбайларынан бір нәрсе сұрап алмақшы болсаңдар, перде сыртында тұрып сұраңдар. Осылай ету сендердің де, олардың да жүрегінің пәк болуына лайық»[1].
Осы аятта «хижаб» - перде деген ұғымда.
Бұл аят Әзіреті Омардың өтінішіне сай түскен екен. Риуаяттарға қарағанда, Әзіреті Омар Пайғамбарымызға келіп: «Уә, Расулалла, сіздің үйіңізге жақсысы да, жаманы да келеді. Сондықтан да, олар келгенде әйелдеріңізге перденің артында болуларын айтсаныз нетті», - деп ұсыныс білдіреді. Көп ұзамай ардақты сахабаның ұсынысын құп көрген аталмыш аят түсті.
Жалпы хижаб атауының бір-біріне жақын бірнеше мағынасы бар: жамылғыш, шәлі, перде, бөгет, көлейгелеп тұратын нәрсе. Ендеше, әйел баласының тәнін бөтен еркектің сұғынан жасырып, назар салуына бөгет жасайтындықтан, бүкіл денені (бет пен қолдан өзге) жауып тұратын киімді «хижаб» деп атаған.
Дұрысында, Құран шариғат шәлісіне байланысты «Химәр» сөзін қолданады. Химардың тілдік мағынасы: "басты жауып тұратын жапқыш" дегенге саяды. Нұр сүресінде былай делінген:
«уәл ядрибна бихумуриһинна ъаля жуюбиһинн».
«Әйелдер орамалдарын омырауларын жауып тұратындай етіп тақсын» деген ұғымда[2].
Осы орайда айта кету керек, Нұр сүресінің 31 және 60 аяттарында, Ахзаб сүресінің 33 және 59 аяттарында әйел затына хижаб киюі керектігі білдірілген. Бұнымен қатар, Пайғамбарымыздың да бірнеше хадистерінде Хижабтың парыздығы айтылады[3].
[1] Ахзаб сүресі, 53 аят.
[2] Нұр сүресі, 31 аят.
[3] Бұхари – 4481; Әбу Дәуід – 4102 т.б.