Үйлену үшін қыздың келісімін алу міндетті ме?
Қызына құда түсіп келгенде, ата-ана қарсы жаққа жауаптарын беру үшін міндетті түрде
қызымен ақылдасуы қажет. Қыздың пікірін білген соң ғана құда түсушілерге өздерінің жауабын айтады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм):
لاَ تُنْكَحُ الأَْیِّمُ حَتَّى تُسْتَأْمَرَ وَ لاَ تُنْكَحُ الْبِكْرُ حَتَّى تُسْتَأْذَنَ
«Жесір əйел ұсынысты қабыл етпейінше, ал жас қыздың ризашылығы алынбайынша,
əйелдерді некелестірмеңдер»[32], – деген. Жесір əйелді үйлендіру міндетті түрде оның
«Келісемін» деген сөзінен соң ғана іске асады. Ол ұсынысты қабыл алғанын өзі білдіре алады.
Ал оң жақта отырған бойжеткендер мұндай сөзді айтудан қымсынатындықтан, үлкендер жағының сұрағына үндемеуі немесе күлімсіреуі оның келіскенін білдіргені деп қабылданады.
Яғни неке қию үшін қандай жағдайда да əйел затының келісімі болуы тиіс. Себебі Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бір сахабаның қызының келісімін алмастан қидыртқан некесін бұзған. Хазірет Омар (р.а.) да бұл жайында былай деген: «Қыздарыңды қинап үйлендірмеңдер. Олар да сендер секілді жақсы мен əдеміні қалайды».
Сондықтан «Менің айтқан адамыма тұрмысқа шығасың», «Айттым бітті, соған күйеуге тиесің» деп, қызды күйеуге еркінен тыс беру ешқашан дұрыс келісім дəрежесінде қабылданбайды.