ҚҰРАН АЯТТАРЫ ЖАЗЫЛҒАН ТҰМАРДЫ ТАҒУҒА БОЛА МА?
- Исламға дейінгі жәһилет (надандық) дәуірінде арабтар көзден сақтайды деген мақсатпен балаларының мойнына тағып алатын моншақ (амулет)[1]. Бұған ғалымдар бірауыздан тыйым салған[2]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім тұмар тақса, Аллаға серік қосыпты»[3], – дейді.
- Тәбәрік мақсатында Құран аяттары немесе дұғалар жазылған тұмар[4]. Бұл мәселеге бірқатар ғалымдар рұқсат берген[5]. Амру ибн Шуғайып әкесінен, ол атасынан жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Егер сендердің бірің ұйқысынан шошып оянса мына сөзді айтса, еш зиянға ұшырамайды: «Әъузу би кәлиматилләһи әт-тәмма мин ғазабиһи уә иқабиһи уә шәрри ибәдиһи. Уә мин һәмәзатиш-шаятини уә ән яхдурун». Мағынасы: (Алла Тағаланың бүкіл кемшіліктен пәк сөздерімен Оның қаһарынан, жазасынан және пенделерінің жамандығынан Алланың Өзінен пана тілеймін. Сондай-ақ жын-шайтандардың азғыруы және арбауынан қорғауын сұраймын)». Сахаба Абдулла бин Амр бұл сөздерді балиғатқа жеткен балаларына үйретіп жаттататын. Ал әлі жас балаларына бір параққа жазып мойнына (тұмар етіп) тағып қоятын»[6].
«Әд-Дурру әл-мухтар» атты кітапта былай келген: «Тұмар – Құраннан өзге нәрсе болса мәкруһ саналады. Кейбіреулер оны жәһилет дәуіріндегі мойынға іліп қоятын моншақ деп айтқан. «әл-Мужтәбәда»: «Қазіргі күнімізде оған рұқсат берілген, адамдар онымен амал етуде. Өйткені ол жайлы хабарда дәлелдер келген», – делінген» [7].
Имам Мәлик Алла Тағаланың есімдері жазылған нәрсені тәбәрік мақсатында аурудың мойнына тағып қоюдың оқасы жоқ деген[8]. Ал тұмарға тыйым салынған хадис жәһилет дәуірінде арабтардың сол тұмардың өзі пайда не зиян береді деген сеніміне қатысты айтылған деп түсіндіріледі. Мұндай сенім шариғатқа қайшы. Сонымен қатар Құраннан басқа жазылған бақсылардың тұмарына да тыйым салынады[9].
Сондықтан тәбәрік мақсатында ішінде Құран аяттары мен сүннетте келген дұғалар жазылған тұмарды тағудың оқасы жоқ. Алайда жақсылық та, жамандық та, пайда да, зиян да бір Алладан деп сенуі әрі Құран аяттарын қорлауға жол бермеуі шарт. Ал түсініксіз тілмен, таңбалармен жазылған тұмарға рұқсат етілмейді.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
[1] «Хашияту ибн Абидин», 6/363. «ән-Ниһәяту фи ғариби әл-хадиси уә әл-әсәр», 1/191.
[2] «әл-Фәтәуа әл-Һиндия», 5/356. Ибн Хажар, «әл-Фәтәуа әл-хадисия», 90. Ибн Муфлих, «әл-Әдәбу әш-шәрғия», 2/455-459.
[3] Ахмад, «Муснәд», 4/156.
[4] «Хашияту әл-жәмәл», 1/76.
[5] «Хашияту ибн Абидин», 6/364. Әд-Дәрдир, «әш-Шәрху әс-сағир», 4/769. Ибн Хажар, «әл-Фәтәуа әл-хадисия», 90. Нәуауи, «әл-Мәжмуғ», 9/56. Ибн Муфлих, «әл-Әдәбу әш-шәрғия», 2/455-459.
[6] Термизи, №3528.
[7] «әд-Дурру әл-мухтар», 6/363-364.
[8] Құртуби, «әл-Жәмиғ ли әхкәми әл-қуран», 10/319.
[9] https://www.dar-alifta.org/ar/ViewResearchFatwa/110/%D8%AD%D9%83%D9%85-%D8%AA%D8%B9%D9%84%D9%8A%D9%82-%D8%A7%D9%84%D8%AA%D9%85%D8%A7%D8%A6%D9%85