Әссәләмуғалейкум! Қазақта бұрыннан келе жатқан ырымдар жетерлік. Соның бірі - "қол жуып болғаннан кейін қолды сілкілемеу керек" деген ырым. Шариғатта осыған байланысты ақпарат бар ма? Соны айтсаңыз! Не үшін сілкуге болмайды? Оның мән-мағынасы, себебі қандай? Алла разы болсын! Айдос
Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Бұл тыйымның дінде негізі бар. Бір «әлсіз хадисте» былай делінеді:
«Дәрет алған болсаңдар қолдарыңды сілкілемеңдер. Шынында сілкілеу – шайтанның желпуіші болып табылады»[1].
Осыған қарап, Ханафи ғалымдары мен Шафиғи ғалымдары дәреттен кейін қолды сілкілемеудің мұстахаб, яғни, ұнамды екендігін айтқан[2].
Дегенмен, басқа хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ғұсылдан кейін қолын сілкігендігі айтылады. Мүміндердің анасы Харис қызы Мәймунаның (р.а.) риуаят еткен хадисінде Алла елшісінің ғұсылды қалай алғандығы баяндалады. Хадистің соңғы бөлімінде былай делінеді:
«Мен оған сүлгі алып келген едім, ол оны алмады. (Оның орнына) Қолымен (денесіндегі) суды сілкілей бастады»[3].
Аталмыш риуаяттың Әбу Дәуіттегі (кітабындағы) нұсқасында «денесін сілкіледі» деп келтірілген[4].
Қорытындылай келе айтарымыз, халық арасындағы аталмыш тыйымды «ырымға» балағаннан гөрі әдептілік пен тәлім-тәрбиеге жатқызған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, су қолды сілкілеп тұру - қасындағы адамдарға қолайсыздық тудыруы мүмкін. Тіпті, ол әрекеті үшін тым жиіркеншек адамдардан сөгіс естіп қалуы да ғажап емес. Әйтсе де, мұны хадисте айтылғандай шайтанның әрекетіне теңеп, жаман ырымға балап жатқан кісілерге де «қателестің» дей алмас едім.
Діни тұрғыда, жуғаннан кейін қолды сілкілемеген абзал. Бірақ сілкілеген кісіге күнә жазылмайды.
[1] Фатухль Бари: №246 хадис түсіндірмесі.
[2] Әл-Маусуъатуль Фиқһия. Кувейт.
[3] Байхақи: «әс-Сүнәнуль Кубра» - №1066 хадис.;
[4] Әбу Дәуід: «Сүнән» - №245 хадис. Хадистің Әбу Дәуідтегі нұсқасындағы мәтінді тікелей аударсақ: «денесінен суды сілкіледі...» деген мағына шығады. Бұл хадисті де «әлсіз» дегендер бар. "Сахих" дегендер де жоқ емес.