ТОҚТЫ ҚҰРБАНДЫҚҚА ЖАРАЙ МА?
Шариғатта құрбандыққа төрт түлік (қой, ешкі, сиыр, түйе) малды шалады. Ешкінің және қойдың жасы бір жылдан асқаны, сондай-ақ алты айдан асқан тоқты (қой секілді) ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды.
Сиырдың екі жастан асқаны, ал түйенің жасы бес жылдан асқаны құрбандыққа шалынады. Сонымен қатар сойылатын малдың кемшілік, кінәраты болмауы керек.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады:
لا تَذْبَحُوا إِلا مُسِنَّةً إِلا أَنْ يَعْسُرَ عَلَيْكُمْ فَتَذْبَحُوا جَذَعَةً مِنْ الضَّأْنِ
«(Құрбандыққа) тек жасы толған малды ғана бауыздаңдар, тек шамаларың жетпесе, тоқты тойсаңдар болады»[1].
Имам Әл-Касани былай дейді: «Түйе, ірі қара, қойдың жасына толғанын құрбандыққа шалуға рұқсат, тек қана тоқты үлкен болса ғана құрбандыққа жарайды»[2].
Имам әл-Майдани былай дейді: «Әл-жазағ деп: алты айға толған тоқтыны айтамыз, сол тоқты алыстан қарағанда жасқа толған қойлардың арасынан ажырата алмайтындай болуы керек»[3].
Сондықтан алты айдан асқан тоқты бір жылға толған қойдың денесіндей ірі болмаса құрбандыққа жарамайды.
Елбек Тасболатұлы,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы
[1] «Муслим», № 1963.
[2] «Бәдаиғ әс-санаиғ», 6/299.
[3] «Әл-лубаб шарх әл-китаб», 933-бет.