НАМАЗДА АЯҚТЫ АЛШАҚ ҚОЮ ДҰРЫС ПА?
Кейде біреулердің намазда тік тұрған кезде аяғын тым талтайып намаз оқығанын көреміз. Ал жамағатпен оқығанда аяғын жанындағы адамның аяғына тигізіп алады және оны сүннет деп санайды.Олардың бұл істері жанындағы адамның ойын бұзуға себеп болады. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды», – деп ескерткен (Хаким).
Бұл жайында Ханафи мәзһабының беделді «Иғлаус сүнән» кітабында былай келтіреді: «Нұғман ибн Баширден (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі: Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға қарап: «Саптарыңды түзеңдер!» – деп 3 рет қайталады. Ол: «Аллаға ант етемін, әлбетте саптарыңды түзейсіңдер, не Алла Тағала жүректеріңнің арасын қарама-қайшы етіп қояды», – деді. (Нұғман): «Мен бір кісінің, иығын серігінің иығына, тізесін серігінің тізесіне, тобығын оның тобығына тигізіп тұрғанын көрдім» (Әбу Дәуіт).
Анас ибн Маликтен (Алла оған разы болсын)былай деп риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Саптарыңды түзеңдер, себебі мен сендерді артымнан да көріп тұрамын», – деді. Сонда біз иығымызды серігіміздің иығына, аяғымызды оның аяғына тигізіп тұрдық (Бұхари). Қазіргі таңда кейбір кісілер бұл хадисті сөзбе-сөз түсініп, сапта аяғын жанындағы кісілердің аяғына тигізіп тұру шарт деп түсініп алған. Және олар өздерін қинап, намаз біткенше осылай тұрады. Шынында иықты иыққа, тізені тізеге және аяғын аяққа тигізіп тұру – өте ауыр іс. Алайда, «Алла ешбір жанды шамадан тыс нәрсеге бұйырмайды» («Бақара» сүресі, 286-аят).
Ағзалардың бәрін бір-біріне тигізіп тұруды ешкім толық жүзеге асыра алмайды. Себебі намаз оқитындардың бойы әртүрлі болуы мүмкін. Хадистің мағынасы сапты туралау үшін аталмыш ағзаларды бірі-біріне түзеу керектігін білдіреді. Бұдан намаз оқитындардың иықтары, мойындары және аяқтары бір сызықта болуы түсініледі. Сондай-ақ егер аяқты аяққа тигізу намаздың белгіленген сүннеті болғанда, сахабалар оны қалдырмай орындайтын еді. Ақиқатында олай болмады. Сонымен қатар ғалымдар бұл хадисті «аяқты аяққа тигізіп тұру иқамат уақытында сапты дәл туралау үшін айтылған, ал намаз бастағанда олай істеу талап етілмейді» деп түсіндіреді.
Намазда тік тұрған кезде аяқтары қаншалықты бір-біріне жақын болу жайында түрлі көзқарас бар. Шафиғи мәзһабында «бір қарыс мөлшерінде болады» делінген. Ханбали мен Мәлики мәзһабының ғалымдары аяқтарының арасын кең де ұстамайды, бір-біріне тигізіп те тұрмайды, бәлкім орташа әдеттегіден асып кетпейтін халде тұруды мұстахаб деп есептейді.
Біздің Ханафи мәзһабында тік тұрғанда аяқтарының арасы төрт саусақ мөлшерінде болуы тиіс (сүннет), себебі осы қалып хушуғ (қарапайымдылық, байсалдылық) халге жақын, делінген (Хашияту Ибн Абидин, 1/479). Дегенмен бұл мөлшер аяғын кең ұстап тұруға дәлелді себебі жоқ кісілер үшін белгіленген. Ал денелі, толық кісілер тепе-теңдік сақтау үшін аяғын кеңірек қою қажет болса, оларға әдеттегі халде еркін тұруға рұқсат беріледі. Себебі мұнда ұзақ уақыт тік тұрғанда да байсалдылықты жоғалтпау көзделеді.
Хасан АМАНҚҰЛ,
ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі
«Мұнара» газеті, №7, 2023 жыл