ЛУДОМАНИЯНЫҢ ШАРИҒАТТАҒЫ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?
Лудомания ойынқұмарлық деген мағынаны білдіреді. Лудомания (гемблинг, игромания) термині құмар ойынға тәуелділік деген мағына береді. Шариғатта кез келген ойынға құмар араласса харам, үлкен күнә саналады («Әл-маусуату әл-фиқһия»: 39/407).
Алла Тағала Құранда былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Ақиқатында арақ-шарап (сынды мас қылып, ақылынан адастыратын нәрселер), құмар һәм өзге де ұтыс ойындары, табыну үшін орнатылған пұттар және жебелермен (құмалақ, карта сынды басқа да нәрселермен) бал ашу – шайтанның лас істерінен. Ендеше (екі дүниеде де) мақсат-мұраттарыңа жету үшін бұлардан аулақ болыңдар. Шайтан сендердің араларыңа арақ, құмар ойындары арқылы дұшпандық пен жеккөрушілік салып және Алланы еске алудан, намаздан тыюды көксейді. Сендер сонда да доғармайсыңдар ма?» – деген («Мәида» сүресі, 90-91 аяттар).
Сахаба Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біреу бауырына «кел, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін», – деген (Бұхари). Бұл хадис құмар ойнауға шақырудың өзі күнә екенін меңзейді. Ал Жәбир (Алла оған разы болсын) жеткізген келесі хадисте: «Харамнан өскен ет (яғни адам) жәннатқа кірмейді», – деген (Ибн Хиббан, №5567).
1. Құмар ойынға тәуелділік отбасының шырқын бұзып, елдің берекетін кетіреді, қоғамды құлдыратады;
2. Адамның уақытын, мал-дүниесін зая кетіріп, қарызға батырады;
3. Экономикаға кері әсерін береді, адамның өмірін тек иллюзиямен шектейді;
4. Бойын жалқаулыққа, масылдыққа, жауапсыздыққа үйретіп, ақша үшін арын, намысын сататын төмен дәрежеге түсіреді;
5. Жеке тұлғаның жүйкесін тоздырып, тіпті өзіне қол жұмсауға (суицидке) дейін алып барады;
6. Құмар ойыннан ұтылған адамның өзінің серіктеріне деген көреалмаушылығы, кекшілдігі артады. Осылайша араларында дұшпандық пайда болып, бірін-бірі өлтіруге дейін барады. Құмар ойыны арқылы тапқан ақша біреудің ақысын жеу болып саналады және адал болмайды. Ибн Аббастан жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала бір қауымға бір нәрсені харам еткен болса, онда оның ақшасын алуды да харам етті», – деген (Дарақұтни,№318).
Әл-Азһардың бұрынғы шейхы Жадду әл-Хақ құмар ойындарға қатысты: «Құмар ойынның харам болу себебінің бірі – адамның психологиясына зиян келтіруі. Құмар ойнайтын адамның жеңіл жолмен ақша табамын деген қиялы еңбек етуден тыйылуға, жалқаулыққа, ақыл-ойының әлсіреуіне алып барады. Егіншілікке, өнеркәсіпке, сауда-саттыққа мән бермейді. Салдарынан экономикаға кері әсері тиеді. Сондай-ақ шаңырақтың шайқалуына, байдың кедейге айналуына себеп болады. Оған қоғамда орын алып жатқан көптеген жағдаяттар куә», – деп пәтуа берген.
Егер ойынға құмар араласпағанның өзінде оған әуестігі құлшылығына кедергі болса, уақытын зая кетірсе, психикасы мен болмысына зиян келтірсе, өмірлік қажеттіліктеріне тосқауыл болса, сондай-ақ балағат сөздер айтып, ұрыс-төбелеске алып барса, мұндай ойынға шариғатымызда тыйым салынады.
1. Лудомания (гемблинг, игромания) – харам.
2. Құлшылыққа, отбасылық және басқа да қоғамдық міндеттеріне кедергі келтіретін ойын құмарлыққа тыйым салынады.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі