ТҰТЫНУ КООПЕРАТИВІ АРҚЫЛЫ ҮЙ АЛУҒА БОЛА МА?
Тұтыну кооперативі – жеке немесе заңды тұлғалардың материалдық және басқа да қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында, мүліктік үлес жарналарын біріктіру жолымен құрылатын ерікті бірлестік.
Тұтыну кооперативі өз қызметін үлескерлердің кіру және мүшелік жарналары есебінен жүзеге асырады және дамытады. Негізінде тұтыну кооперативі екі немесе одан да көп мүшеден тұрады және санына шектеу қойылмайды. Мүлік сатып алынған жағдайда меншік иесіне төмендегі шарттар бойынша тіркеледі:
- тек кооператив атына;
- ортақ меншікке (кооператив және үлескер атына);
- тек үлескер атына.
Егер мүлік тұтыну кооперативі меншігіне тіркелетін болса, үлескер мүліктің құнын толық төлеп біткеннен кейін өз атына аударады. Мүлік үлескердің атына тіркелген жағдайда тұтыну кооперативі толық есептескенге дейін мүлікті кепілдікке алады.
Шариғатта үй алу мақсатында өзара бірігіп, кезекпен бір-біріне қаржылай жәрдемдесуге рұқсат етіледі.
Алла Тағала: وَتَعَاوَنُواْ عَلَى الْبَرِّ وَالتَّقْوَى
«Жақсы істерде және тақуалықта бір-біріңе жәрдемдесіңдер»[1], – деген. Ислам дінінде өкілеттікке рұқсат етіледі. Мысалы, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне құрбандық малын сатып алу үшін Хаким ибн Хизамды (өкіл ретінде) жұмсаған[2].
Осы шариғи дәлелдер тұтыну кооперативі арқылы үй алуға рұқсат екенін көрсетеді. Алайда оның дұрыс болуы үшін төмендегі шарттар орындалуы тиіс:
1. Кооператив мүшелері өз мұқтаждығын (үй, көлік т.б.) өтеу үшін бір-біріне жәрдемдесу ниетімен ерікті түрде бірігуі;
2. Үлескерлер саны нақты әрі шектеулі болуы керек. Тоқтаусыз үлескер жинау арқылы серіктестік санын шексіз ұлғайту дұрыс емес;
3. Тұтыну кооперативінің кіру және мүшелік жарнасын енгізуі дұрыс емес. Алайда өзінің еңбегі немесе қызметі үшін ақы белгілеп, оны талап ете алады. Себебі,
نَـهَى رَسُولُ الله صَلَّى اللهُ عَلَيهِ وَ سَلَّمَ عَنْ صَفْقَتَينِ فِي صَفْقَةٍ
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір келісімнің ішінде екі келісімшарттың қойылуына тыйым салған[3]. Сондай-ақ сомасы белгілі қарыздың үстінен қосымша ақы алу немесе пайда көру өсімге (риба) жол ашады[4];
4. Үлескер кез келген уақытта қандай да бір кедергісіз кооперативтен шығып кетуге және өзіне тиесілі борышын толық қайтарып алуға құқылы;
5. Тұтыну кооперативіне мүшелікке кіру алдында мына жайттарды ескеру қажет: – оның мемлекеттік тіркеуден өткенін білу; – Жарғысы, ережесі және келісімшартымен мұқият танысып шығу; – заңгерлермен кеңесу.
ҮКІМ: Жоғарыда айтылған шарттар толықтай орындалмаған жағдайда тұтыну кооперативінің қызметіне шариғат бойынша рұқсат етілмейді.
[1] «Маида» сүресі, 2-аят.
[2] Әбу Дәуіт риуаят еткен.
[3] Бәззар, Ахмад риуаят еткен.
[4] «Раддул-мұхтар», 5/165.