Етеккір қанын дәрімен тоқтату үкімі
بسم الله الرحمن الرحيم
Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!
الحمد لله رب العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمد وعلى آله وأصحابه و من اتبعهم إلى يوم الدين ” أما بعد“
Күллі мақтау мен мадақ әлемдердің Раббысы – Алла Тағалаға болсын! Жаратылғандардың абзалы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына және оларға ергендерге қияметке дейін Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі
болсын!
Еетеккір мәселелерін білу өте маңызды. Себебі көптеген құлшылықтар (намаз, ораза т.б.), балиғат жасына жету, талақ, идда мәселелері еттекірмен тығыз байланысты. Алайда қазіргі таңда арнайы дәрілерді қолдану арқылы етеккірді уақытынан бұрын келтіруге немесе уақыты бітпей жатып, тоқтату мүмкіндігіне медициналық тұрғыдан қол жетті. Енді осы тәсілді қолданудың шариғи үкімін қарастырып көрсек.
Негізінде бұл мәселе төңірегінде тек мәлики мәзһабының ғалымдары ғана сөз қозғаған.
Имам әс-Сауи имам Ибн Қасимның: «Егер дәріні етеккірі келген әйел өзінің әдетіндегі уақыты бітпей қанды кетіру мақсатында қолданса, онымен етеккір қаны кетсе, онда ол әйелге таза болды деп үкім береміз», – деген сөзін руаят етеді.
Имам Ибн Кинана: «Мысалы әйелдің әдеттегі етеккір келу мерзімі сегіз күн. Алайда ол үш күн өткеннен кейін етеккірді тоқтату мақсатында дәрі- дәрмек қолданса, ол әйелге таза болды деп үкім береміз», – дейді. Бұл мәселеге мәлики мәзһабынан Ибн Фархун ғана қарсы шыққан.
Бірақ көптеген ғалымдар: «Бұлай емделу – мәкрүх, өйткені ол әйелге зиян болуы мүмкін», – деген пікірді де айтқан. (Булғату әс-Сәлик 1/163).
Жоғарыда келген ғалымдардың пікіріне зер салсақ, мәлики мәзһабында бұл мәселе төңірегінде екі көзқарас қалыптасқандығын аңғарамыз.
Бірінші көзқарас: Бұлай емделу мәкрүх болғанымен рұқсат етілген. Мәкрүх болуының себебі әйел адамға зиян тигізуінен туындауы мүмкін. Қалай десек те, бұл жағдайда әйел адам етеккір қанын дәріні пайдаланып тоқтатса, оған таза болды деген үкім беріледі. Таза әйелдің санатына кіріп ораза ұстайды, намазын оқиды, тауап ете алады. Жалпы айтқанда етеккірі келген әйелге тыйым салынған істердің барлығы оған рұқсат етіледі.
Екінші көзқарас: Бұлай емделу жолы дұрыс емес. Әйел адамға таза болды деп те үкім берілмейді және етеккірі келген әйелдің үкімінде қала береді. Бұл сөзді тек имам Ибн Фархун айтқан.
Бірінші көзқарасты алуда қажылығын өтеп жатқан әйелдерге жеңілдік бар. Өйткені олардың көбі етеккір себебінен қажылықтың рукіні «ифада» тауафын орындай алмай қалу ықтималы бар. Ал етеккірді тоқтату үшін дәріні қолданса, тауаф рүкінін орындауға мүмкіндік туады.
Енді етеккір қанын уақытынан бұрын кетіру үшін дәрі-дәрмек пайдалану мәселесінде «әл-Фауакиһу әд-Дауани» кітабының авторы Абдулла Мануфи: «Етеккірі тоқтаған әйел ғұсыл құйынады. Бірақ онымен идда бітпейді», – дейді. Бұл мәселе төңірегінде нақты дәлел келмегендіктен Абдулла Мануфи ғибадат бабына қатысты ешнәрсе айтпаған. Оның шәкірті Халил: «Әйел етеккірінен тазарады. Сондықтан намаз, оразаларын орындайды», – деген көзқарасты алға тартады. Имам Ажһури: «Етеккір қанының келу ықтималы болғандықтан намаз, оразаларды орындамайды. Сонымен қатар етеккір қаны келу ықтималы жойылмағандықтан уақыты біткен соң қазасын өтейді», – дейді. Ендеше бұл ғалымдардың пікірі бойынша қан өз еркімен шықпағандықтан истибра (тазалану) және идда мәселелерінде толыққанды етеккір болып саналмайды.
Имам әс-Сауи «Шарх сағир» кітабында етеккір анықтамасына түсіндірме бере келіп былай дейді: «Етеккір өзі шығуы керек. Егер әдетінен бұрын шығарылса етеккір деп аталмайды. Әйелдің иддасы бітпейді, басқа кісіге тұрмысқа да шыға алмайды».
Әйел дәріні әдеті бойынша келетін етеккірі уақытында немесе етеккір қаны өз уақытысынан кешіккен кезде қолданса, идда және ғибадат баптарында етеккір үкімі бекиді. Бірақ етеккірді мүлдем тоқтату үшін дәріні қолдануға болмайды. Себебі бұл әрекет әйел денсаулығына зиян келтіріп, құрсақ көтеру мүмкіндігіне қауіп төндіреді.
Үкім:
Әйел дәрігерлермен кеңесе отырып, қажылық немесе умра ғибадаттарын өтеу үшін етеккірін мерзімінен бұрын келтіру немесе тоқтату үшін арнайы дәрі-дәрмек қолдануға рұқсат етіледі. Егер дәрігерлер ол дәрі-дәрмекті қолдану әйелге зиян тигізеді деген қорытындыға келсе, рұқсат жоқ. Себебі исламда адам өзіне де, өзгеге де зиян бермеуі керек.