ЛУДОМАНИЯНЫҢ ДАУАСЫ БАР МА?
Лудомания, яғни ойынқұмарлық – қоғамды құлдыратып, айрандай ұйып отырған отбасылардың шырқын бұзып, елдің берекетін кетіретін зиянды әдет. Егер адам нәпсісіне ие бола алмаса, оның түрлі күнәлі істерге бейім келетіні сөзсіз. Солардың ішінде осы ойынқұмарлық та оңайлықпен емделмейтін рухани дертке баланып отыр.
Құмар ойынға әуес болу қасиетті Құран Кәрімде де, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де тыйым салынғанын, тіпті үлкен күнәлардың қатарына жататынын жақсы білеміз. Дін ғалымдары құмар ойындарды «кездейсоқ сәттілікке үміттеніп, ұтыс мақсатымен ақша, құнды зат тіге отырып ұту немесе ұтылу» деп сипаттайды. Үлкен күнә саналуының басты себебі – оның бұқаралық, яғни қоғамдық сипат алуында. Осы ойынқұмарлықтың кесірінен бір емес, бірнеше адамның тағдыры талқан болып жатқанын ескерсек, лудоманияның алдын алу – бізге міндет.
Адам баласының құмар ойынға кіріп кетуі қас-қағым сәтте бола қоятын нәрсе емес. Ешкім де анасынан ойынқұмар болып тумайды. Алайда «құмар ойыннан Құдай сақтасын» деп жүрген адамның өзі жеңіл ақшаға әуес екенін байқамауы мүмкін. Жеңіл жолмен ақша табу – құмар ойынның алғашқы сатысы іспетті. Бұрын құмар ойын десе, карта, казино немесе ойын автоматтары ойға келсе, қазір үйден шығудың да қажеті болмай қалды. Интернетке қосылып тұрған компьютер немесе қолда смартфон болса, бұрынғыдай көше кезіп, тоңып-шашырап ойын автоматын, казино іздеудің қажеті жоқ, бәрі көз алдыңыздағы көк экранда қолжетімді. Әлеуметтік желілердегі, сауда орындарындағы ұтыс ойындары да шарттарына үңіліп қарамасаң, лотереяның бір түрі болуы ықтимал.
Букмекерлік кеңселерде және спорт тық ойындарға онлайн бәс тігу – бүгінгі күні кең етек жайған құмар ойын түрі. Оған басыңды алып қаша алмайтын маңайымыздағы қызылды-жасылды жарнаманың әсері мол. Еліміздегі «Жарнама туралы» заңға сәйкес казино мен интернет-казино қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады. Әйтсе де букмекерлік кеңселердің қызметтерін жарнамалауға тікелей тыйым жоқ екен. Сол себепті аты да, заты да ұқсас букмекерлік кеңселер көбейіп кетті. Танымал психолог Балабек Кеніштайұлы мамандардың құмар ойынға біреулер жан-тәнімен берілсе, басқаларды бұл нәрсе неліктен қызықтырмайды деген мәселенің шешімін табу ға тырысып жүргенін айтады.
«Егер адамның құмар ойынға қызығушылығының бастапқы себебі анықталса, онда оған беріліп кетудің жауабы табылатын еді. Қарапайым адамға ойын ұтуға, көңіл көтеру итермелейді. Ол ойынға жұмсайтын қаржысының шекті көлемін немесе уақыт шегін белгілейді, бұдан кейін ұтса да, ұтпаса да ойынды тоқтатады. Ал құмар ойыншы қаржының ұтылатын шегін болжайды және оған көңіл көтеру құнын да қосады. Бұл бірте-бірте адамды патологиялық ауыт қушылыққа әкеледі» дейді Балабек Кеніштайұлы.
Психолог-маман адамдардың құмар ойындарға патологиялық ұмтылысы айналадағы болып жатқан құбылыстардың қызық болмауы, көңіл көтеруді іштей қалау және ол әрекетін құмар ойын арқылы ғана жүзеге асыру, ойын барысындағы тәуекел, яғни ұтудан және ұтылудан ләззат алуынан және басқа да себептер ден байқалады. «Бұл мәселемен күресу үшін айналасындағы адамдардың айтқан ақыл-кеңесі жеткіліксіз. Мұнымен психолог маманмен біріге отырып кешенді психотехнологиялық жаттығулар қолдана отырып күрескен дұрыс. Неғұрлым ертерек күрессең, соғұрлым нәтижесі де жылдам көріне бастайды» дейді психолог.
Құмар ойынның құрсауынан құтылып, қоңыр тіршілік кешіп жатқандар да жоқ емес. Алайда тігерге ештеңесі қалмағандардың көбі тіленші болып көше кезіп, бір күнәнің соңынан екінші күнә жамап, араққа салынып кеткендері де баршылық. Кезінде жақсы қызметте болып, абыройы артып, ел сүйсінетін отбасын асырап отырса да құмар ойынның кесірінен бала-шағасы, ата-анасы, ағайын-туысы, достарынан тірідей айырылып, үйсіз-күйсіз қалғаны қан шама?! Ел-жұртқа, несие беретін түрлі орындарға, банктерге қарыз болып, маңайына мысқалдай да қадірі қалмай, жексұрын болып жүргендерді ойласаң, денең түршігеді. Қазір ұтыстан ләззат алып, лудоманияның «төменгі деңгейінде» жүргендер түбі солардың кебін киетіні белгілі.
ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі, исламтанушы Хасан Аманқұлдың айтуынша, ойынқұмар адамды жөнге салудың шариғи жолы бар екен. «Адам баласы құмар ойынға беріліп кетпеуі үшін және соның орны толмас қасіретіне ұшырап қалмас үшін өзінің ерік-жігері мықты болуы керек. Өзінің әрекетінің дұрыс емес екенін түсініп, ауыр күнә арқалайтынына көз жеткізсе, бұл істі біржола тастайды. Пендені түрлі жамандықтан алдымен өзі ғана құтқара алады. Бұған шамасы келмегендерге елімізде қайырымдылық мекемелері, қарилар дайындайтын орталықтар бар, соларға баруға кеңес берер едім. Өйткені ол жерде бір-екі ай емес, бірнеше жыл жатып оқыса, сондай-ақ құмар ойынды есіне салатын түрлі нәрседен тыйып, телефонға жолатпай, бақылауда ұстаса, бірте-бірте бойы үйреніп, кейін өз-өзін басқаруға шамасы келе бастайды. Бірақ мұны қысқа мерзімде шектеп тастамай, қажет болса, бірнеше жыл жалғастыра беру керек.
Үшіншіден, туыстары, достарының қолдауы, көмегі қажет. Төртіншіден, мемлекет, қоғам болып бұл зиянды әрекетке қарсы тұра алуымыз қажет. Мәселен құмар ойынға қызығатындардың көбейгені себепті несие беру жолдары жеңілдетіліп, талай адам банкке, басқаға қарыз болып, ата-анасын зар қақсатып отырғаны жасырын емес. Маңайында қарызға ақша беретін адам қалмаған соң банкке жүгінетіні белгілі. Сондықтан несие беру жолдарын қиындату керек. Бұл да болса құмар ойыншылардың көбейіп кетпей, керісінше азаюына себеп болар еді» дейді Хасан Аманқұл.
Құмар ойын – қоғам қасіреті, Ислам дінінде харам істерге жататын әрекет. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін», – деуі оны ойнамақ түгілі, оған үгіттеудің өзі күнә екенін, соның өзін жуып-шаю үшін садақа беру, жақсылық істеу міндетті екенін ескерткен. Тәубе есіктері адамның кеудесінде жаны барда қияметке шейін ашық тұратыны белгілі. Сондықтан құмар ойынның құрсауында кеткен бауырларымызды ертерек ес жиып, Алла Тағаланың шексіз мейірімінен үміт ете отыра, тәубеге келуге шақыруымыз керек. Жаратушы Иеміз Құран Кәрімнің «Хижр» сүресінде: «Уа, Мұхаммед! Құлдарыма хабар бер. Күдіксіз Мен аса жарылқаушы, ерекше мейірімдімін. Және шын мәнінде азабым да өте күйзелтуші», – дейді.
Жүрегіңнің соғып тұрғаны рас болса, ешқашан үміт үзбе! Өйткені Хақ Тағаланың мейірім есігін қағуға кешіккен жоқсың. Адамдар жек көріп, қарызын кешірмесе де, Алла Тағала шын өкініп, тәубе етсең, күнәңді кешіреді және тығырықтан шығар жолды көрсетеді.
Ермұрат ШОПАН
«Мұнара» газеті, №24, 2022 жыл