МЕШІТТЕН ТЫС ЖЕРДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ОҚУҒА БОЛА МА?
Шариғат бойынша жұма намазының дұрыс өтелуі үшін белгілі шарттар орындалуы керек. Атап айтқанда, жұма намазы жалпыға рұқсат етілген жерде оқылуы шарт. Белгілі жамағатқа ғана рұқсат етіп, басқаға келуге тыйым салынса, жұма намазы дұрыс болмайды.
«Жалпыға рұқсат» дегеніміз – жұма намазы оқылатын мешіттердің есігі ашық болуы, оған қалаған адамның кіріп-шығуына рұқсат берілуі. Яғни адамдардың мешітке келуіне ешкім бөгет жасамауы тиіс. Себебі жұма намазы – Ислам рәміздерінің бірі, ол адамдар арасында ашық өткізілуі керек (Жамиғ ар-румуз, І том, 265-бет).
Шариғат бойынша жұма намазын сұлтан (ең жоғарғы билік өкілі) немесе оның орынбасары өткізуі шарт (Фатху бәб әл-ғиная, І том, 560-бет). Ханафи мәзһабының ғалымдары оған мына хадисті дәлел етіп келтіреді: Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім менің тірі кезімде немесе қайтыс болғанымнан кейін әділ немесе залым басшысы бола тұрып, оны елемей немесе оған қарсылық білдіріп, жұма намазын оқуды тәрк етсе, Алла оның дүниесін біріктірмесін, ісіне береке бермесін», – деген (Ибн Мәжа). Сондай-ақ Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): сұлтанға тиісті төрт нәрсенің бірі ретінде жұма намазын атап өткен (Имдад әл-фаттах, 522-бет).
Бүгінде Қазақстанда ислами діни қызмет ҚМДБ және оның филиалдары (мешіттері) тарапынан жүзеге асырылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жарғысында жұма және айт намаздары секілді діни рәсімдердің мешіт имамдары тарапынан атқарылатыны жазылған (ҚМДБ жарғысы, 13 тарау, 9-11 беттер).
- Жұма намазының дұрыс өтелуі үшін шариғатта көрсетілген шарттардың бірі табылмаған жағдайда жұма намазы өткізілмейді, оның орнына бесін намазы оқылады.
- ҚМДБ рұқсат берген мешіттер мен арнайы намазханаларда ғана жұма намазы оқылады. Мешіттерден тыс (тұрғын үй, қоғамдық орын, базар, өндіріс орны, оқу орны, т.б.) ғимараттар мен құрылыстарда жұма намазын оқуға болмайды.
- Жұма намазын ҚМДБ тарапынан бекітілген діни қызметкер ғана жүргізе алады.
- Жұма намазының шарты екі айт намазына да қатысты.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі
«Мұнара» газеті, №5, 2023 жыл