Ассалаумағалейкүм, намаз оқитын адамға билеуге бола ма? Егер болатын болса қандай би түрлерін билеген дұрыс? Мысалы, маған қара жорға, лезгинка билері ұнайтын еді, сол билерді үйрену курстарына қатыссам бола ма? Немесе келіншегіммен бірге жұппен билеуді үйрену топтарына барсам ше? Тойларда басқа әйелдермен, өз келіншегіңмен, не топта тұрып ел қатарлы билеуге бола ма? Рахмет.
Жалпы бұл ғалымдардың арасындағы тартысты мәселе. Дұрысы, егер би адамның шаһуатын қоздыратын, жалаңаш күйінде әрі тыйым саналған ән мен музыкалық аспаптардан тыс орындалса, онда оның үкімі – мәкрүһ. Алла Тағала Құранда былай дейді:
وَلا تَمْشِ فِي الأرْضِ مَرَحًا إِنَّكَ لَنْ تَخْرِقَ الأرْضَ وَلَنْ تَبْلُغَ الْجِبَالَ طُولا
«Жер жүзінде дандайсып жүрме. Өйткені, сен жерді әсте жара алмайсың да бой жағынан да тауларға жете алмайсың» («Исра» сүресі, 37-аят). Құртуби өзінің тәпсірінде былай дейді: Ғалымдар осы аятты бидің жаман сипатқа ие екеніне дәлелге ұстанды. Имам Әбу Әл-уафә бин Уқайыл: «Бұл аят биге тыйым салуға дәлел болады. Себебі Алла Тағала «Жер бетінде даңдайсып жүрме» деп, даңдайсуды жаман санады. Ал билеу даңдайсудан да жаманырақ»-дейді.
«Әл-Мәусуғату әл-фиқһу әл-Кувейтия» атты кітапта былай келген: «Ханафи, мәлики, ханбали және шәфиғи мәзһабынан Әл-Қаффәл биді мына себептерге (бекершілік, адамгершілікті таптау, ақылсыздық, опасыздыққа) байланысты мәкруһ деді. Әл-Убай былай дейді: «Ғалымдар «Эфиопиялықтар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алдында найзаларымен қоса биледі» деген хадисті тек найзамен, қарумен секіріп ойнауға байланыстырды.
Әрине, мұның барлығы бидің арақ ішу немесе жалаңаш т.б. харам нәрселермен араласпай орындалса ғана мәкруһ. Егер хараммен ұштасса міндетті түрде харам болады.
Пәтуа бөлімі