Құрамында спирт болған дәрі-дәрмекті қолдануға бола ма?
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын), оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Шариғатта жалпы барша нәрсенің негізі «таза» болып табылады. Тек шариғи дәлел ғана «таза еместігін, нәжіс екендігін» көрсетсе ғана лайықты үкімі беріледі. Ислам ғұламалары: «Харам нәрсені нәжіс деп атауға өкілеттілігіміз жоқ. Себебі оны нәжіс деп үкім шығару үшін шариғаттан дәлел керек»,-деген көзқарасты алға тартқан. Мәселен есірткі, улардың үкімі харам. Бірақ негізі таза. Өйткені олардың нәжістігіне шариғи дәлел жоқ. Кез-келген нәжіс харам болғандығымен харам нәрсенің бәрі нәжіс емес. Сондықтан спирт мас қылу себебінен харам болғанымен нәжіс емес. Құранда үкімі харам болып бекіген «хамр» сөзі жүзімнен жасалған шарапқа айтылады. Имам Ағзам мазһабында шарап харам әрі нәжіс болғандықтан тиген жерлерін нәжіс етсе, ал спирт тиген жерлерін нәжіс қылмайды. Имам әш-Шафиғи мәзһабында шараптың санатына барлық мас қылушы ішімдіктер кірген. Олардың барлығы нәжіс деп те үкім берілген. Алайда нәжіс деп үкім берілсе де спирттік сұйық заттар араласқан дәрілерді қолданудың оғаштығы жоқ деп санаған. Құрамында спирті бар иіс сулар немесе спирт араласқан сұйық заттар денеге, киімге тисе нәжіс болмайды. Спирт тиген жерді жуу да міндетті емес. Өйткені спирт тез арада ұшып кетеді. Қазіргі таңда көптеген дәрілерге азды-көпті белгілі бір мөлшерде спирт қосылады. Спиртті қосудағы мақсат науқасты мас қылу емес. Бар болғаны дәрі құрамындағы кейбір заттардың еруге мұқтаждығы бар. Сол себепті спирт қосылады. Сондай-ақ дәрінің құрамы уақыт өте келе өзгеріске түспеу үшін және ұзақ мерзімге сақтау үшін де аз мөлшерде спирт қосылады.
Ғалымдар шариғи үкімі нәжіс, харам нәрселер басқа нәрсеге араласып, қасиеті мен сипатын жоғалтса яғни, иісі, реңі, дәмі де қалмаса таза болады деген. Әйгілі имам, мулла Нұруддин Әли ибн Сұлтан, имам Ұбайдулла ибн Масғұдтың ән-Нуқая атты еңбегіне жазған Фатху-Бәбил-Ғиная атты шархында былай дейді.
«Нәжістің күлі немесе т.б (нәжістердің үкім) таза болып табылады. Яғни, тұзды жерде өліп, тұзға айналған есектің үкімін алады. Сондай-ақ шариғатта негізі ұрықтың (сперманың) үкімі нәжіс. Уақыт өте келе жатырға түскен ұрық ұйыған қанға айналады. Оның үкімі де нәжіс. Кейін әлгі ұйыған қан бір шайнам етке айналады. Оған таза деген үкім беріледі. Сонымен қатар шариғатта жүзім сусынының үкімі таза. Егер ашытылып шарапқа айналса, үкімі нәжіс болады. Ол тағы да бір өзгеріске ұшырап сірке суына айналса, үкімі таза болады. Осылайша біз қандай-да бір заттың негізінің басқа бір затқа айналуы әуелгі қасиеті мен сипатын жоғалтатындығын білеміз. Өйткені оның табиғаты және көрісі өзгеріске ұшырады»[1].
Демек спиртті ішу адамды мас күйге түсіретіндіктен тыйым салынады. Алайда дәрінің құрамына химиялық қоспалардың араласу арқылы спирт өзінің қасиеті мен сипатын жоғалтса таза болып есептеледі.
Үкім:
1. Спирт ішуге шариға тұрғыдан тыйым салынады. Алайда нәжіс емес.
2. Құрамында спирт болған дәріні, дененің сыртқы бөлігіне қолдануға болады.
3. Егер спирт қандай-да бір дәрінің құрамында болып, қасиеті мен сипатын жоғалтса ішуге болады.
4. Ал егер спирт қандай-да бір дәрінің құрамында болып, қасиеті мен сипатын жоғалтпаса төмендегі шарттарды ескере отырып ішуге болады.
а. Аса зәру жағдай болып, құрамында спирті бар дәрінің орнын басатын таза дәрі болмаса;
ә. Құрамында спирт қосындысы бар дәрі науқастың оңалуына септігі тисе;
б. Құрамында спирт қосындысы бар дәріні міндетті түрде жоғары білімді, білікті дәрігер нұсқауымен қолданылуы қажет;
ҚМДБ-ның шариғат, пәтуа бөлімі
fatua.kz