Құрсақ ана (суррогаттық ана) болудың шариғи үкімі
Құрсақ ана (суррогаттық ана) болудың шариғи үкімі
بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Суррогаттық ана немесе құрсақ ана қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналды. Таратып айтар болсақ, ерлi-зайыптылардан алынған аталық ұрық пен аналық клетканы арнайы түтiкшелерде сырттай ұрықтандырып, құрсақ ана (суррогат) қызметiн ақылы немесе ақысыз түрде атқаруға ризашылығын бiлдiрген бөтен әйелдiң жатырына салу.
Мұндай жолмен бала табуға шариғатта рұқсат жоқ. Бұған төмендегі мына дәйектер нақты дәлел болады:
1. Ер кісі мен құрсақ ананың арасында некенің жоқтығы.
Ислам шариғатында некелі туылған бала деген мәртебеге ие болу үшін оның ата-анасы болып табылатын ер мен әйелдің арасында шариғи тұрғыдан некенің рүкіндері мен шарттары толық орындалуы тиіс. Шариғатта текті ұрпақтың некелі ерлі-зайыптылардан дүниеге келетіндігі айтылған. Мұны Алла Тағала Құран Кәрімде былай баяндайды:
وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا رُسُلا مِنْ قَبْلِكَ وَجَعَلْنَا لَهُمْ أَزْوَاجًا وَذُرِّيَّةً.
«Расында сенен бұрын да пайғамбарлар жібергенбіз. Оларға да жұбайлар, ұрпақтар бергенбіз»[1].
وَاللَّهُ جَعَلَ لَكُمْ مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَزْوَاجًا وَجَعَلَ لَكُمْ مِنْ أَزْوَاجِكُمْ بَنِينَ وَحَفَدَةً وَرَزَقَكُمْ مِنَ الطَّيِّبَاتِ أَفَبِالْبَاطِلِ يُؤْمِنُونَ وَبِنِعْمَةِ اللَّهِ هُمْ يَكْفُرُونَ (٧٢)
«Алла Тағала өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратты. Жұбайларыңнан сендерге балалар, немерелер нәсіп етті. Сондай-ақ сендерді тап-таза нәрселерден ризықтандырды. Осылай бола тұра олар жалғанға сеніп, Алланың нығметіне шүкірсіздік ете ме?»[2].
2. Әйел жатыры сауда-саттыққа, алыс-беріске жарамды мүбах заттардың санатына жатпайды.
Шариғатта кейбір заттар сауда-саттыққа, алыс-беріске жарамды болып табылады. Мәселен, тағам түрлері, сусындар, киім, көлік, баспана, кітап, бау-бақша, т.б. Міне осы заттарды сатуға, жалға беруге, садақа етуге, сыйға тартуға болады. Ал кейбір дүниелер сауда-саттыққа, алыс-беріске жарамсыз болып табылады. Мәселен, әйелдің жыныстық мұқтаждығын тек некелі күйеуі ғана қанағаттандыруы тиіс. Бұл іс тек күйеуімен ғана шектеледі. Демек, күйеуі өзіне шектелген істерді өзге ер кісіге беруіне болмайды. Сондай-ақ әйелдің де күйеуінен өзге ер кісіге осы істерді (яғни күйеуіне ғана шектелген істерді) садақа етуіне, жалға беруіне, сатуына болмайды. Ендеше әйелдің бүкіл денесі, оның ішінде аналық мүшесі күйеуінен басқа ер кісіге харам екен. Демек әйелдің жатырын да жалға беруге, сатуға болмайды.
Міне осы тыйым шариғатта әйел затының жатырына күйеуінен өзге ер кісінің ұрығын ендіруге тыйым салынғандығын көрсетеді. Егер әйел жатырын сатуға немесе жалға беруге рұқсат етілсе, ешбір бала өз тегін дөп басып айта алмас еді. Ешбір әке де «мынау менің балам» деп турасын айта алмас еді. Бұл өз кезегінде тексіздікке алап барады. Ал шариғатымыз мұндай ерсі, сөкет істі құптамайды.
Некелі ерлі-зайыптылардың бала сүю құқығы
Шариғитта мынадай фиқһи қағида бар:
«Ер кісінің қарамағындағы әйелімен жыныстық қатынасқа құқығы болғанындай, әйелін жүкті етуге де ақысы бар. Ал ер кісінің төсек қатынасына құқығы болмаса, онда ол әйелді жүкті етуге ақысы жоқ».
Алғашқы қатар мынаны меңзейді:
«Бала сүю ерлі-зайыптылырдың ортақ міндеті. Ендеше әйел күйеуінің рұқсатынсыз «бала көтермеймін» деп айта алмайды. Себебі бала сүю күйеуінің де құқығы. Тек жүктілік әйелдің ден-саулығына зарар келтіріп жатса ғана бала көтермеуге рұқсат етіледі».
Екінші қатар мынаны меңзейді:
«Ер кісі мен әйелдің арасында неке болмаса, ердің әйелді жүкті етуге ақысы жоқ. Ал зинаның харам екендігі анық. Егер ер кісі тұрмысқа шыққан әйелмен зина жасап одан бала туылса, ол баланың тегі зинақорға берілмейді. Дүниеге келген бала төсек иесінің тегін алады. Пайғамбарымыз (صلي الله عليه وسلم) былай дейді:
«Бала төсек иесінікі...»[3].
Міне шариғат, төсек иесіне туылған баланы өз тегіне алуға рұқсат береді. Тек ер кісі баланың өзінің бел сүйегінен емес екеніне көзі жетсе, ерлі-зайыптылар бір-біріне лағынет айту арқылы істері жабылады.
Үкім:
Ерлi-зайыптылардың аталық ұрығы пен аналық клеткасын арнайы түтiкшелерде сырттай ұрықтандырып, құрсақ ана қызметін атқаруға ризашылығын білдірген бөтен әйелдің жатырына егуге тыйым салынады.
[1] Рағыд сүресі 38-аят.
[2] Нахыл сүресі, 72-аят.
[3] Хадисті имам Мүслім мен имам Бұхари риуаят еткен.