Шаш, сақал және мұрт қоюдың үкімі
Құран мұсылмандарға бірліктен айырылмай біртұтас болуын және мүшріктермен, кәпірлермен дос болмай, тіпті олардың мәдениетінің әсерінен аулақ болуды насихаттаса, ардақты пайғамбарымыз (аләйһис-саләту уәс-сәләм) да үмбетін сенім және мінез-құлық тұрғысынан және киім-кию, жүріп-тұру жағынан да мүшріктерге ұқсамауға ынталандырған. Пайғамбар заманында яһуди мен христиандардың егде кісілері ағарған шаштары мен сақалдарын боямайтын. Ақырғы пайғамбар қарт сахабаларға оларға ұқсамасын деп шаш пен сақалдарын бояуды насихаттаған. Сонымен қатар мүшрік пен мәжусилерге ұқсамас үшін мұрттарын қысқартып, сақалдарын ұзартуға насихат еткен. Мысалы, Алла елшісінің (аләйһис-саләту уәс-сәләм):
«Мұрттарыңды қысқартыңдар, сақалдарыңды ұзартыңдар»,«мұрттарыңды қырқыңдар, сақалдарыңды ұзартып, мәжусилерге ұқсамаудың жолын жасаңдар», «Мүшріктерге ұқсап қалмау мақсатында сақалдарыңды көбейтіп, мұрттарыңды кесіңдер», «мұртын баспаған бізден емес» деген хадистері бар.
Ғалымдар осы хадистерге сүйене отырып, діни көріністе сақал қойып, мұртты алу Исламның әмірі мен рәмізі болғаны яки болмағаны туралы түрлі көзқарастар айтқан. Әрі сақал қырудың харамдығы туралы да әртүрлі пікірлер айтқан. Кей ғұламалардың көзқарасы бойынша, сақал қыру харам іске жатады. Бірақ Шафиғи мәзһабының ғалымдары Ғазали, Рафий, Нәуәуилер және Мәликилерден Қади Ияз секілді ғалымдар болса, сақал қыруды харам емес, мәкрүһ деген пікір айтқан. Әбу Дәуіттің хадистерін талдап түсініктеме жазған Хаттаби ардақты пайғамбардың (аләйһис-саләту уәс-сәләм) он нәрсенің адам жаратылысының табиғатынан екенін айтып сақал қоюды да осылардың арасына жатқызған хадисінің түсініктемесінде ғалымдардың көбісінің бұл жердегі хадисте айтылған «табиғатты» (фытрат) «сүннет» мағынасында дегенін жазады. Жалғасында осы ерекшеліктерді, солардың ішінде, әсіресе сақал қоюды да біздің іске асыруымыз қажеттігін және оның ардақты пайғамбардың (аләйһис-саләту уәс-сәләм) сүннеттерінен екендігін айтады.
Сақал қыруды харам екенін айтқан ғалымдар жоғарыдағы айтылған хадистердегі әмірлерді діни әмір ретінде түсініп, Хақ пайғамбар мен сахабалардың сақал қойғандарын да осылай жорамалдаған. Бұған қосымша ретінде Құранда Пайғамбарымызға бағынуды әмір еткен аяттардың барлық тақырыпта болғанындай, осы сақал қою тақырыбында да оған бағынуды қамтығанын және сақал қою мұсылманның рәмізі екенін айтады. Сонымен қатар сақал қыру әйелге ұқсау және Алланың жаратқан жаратылысын бұзу екенін және бұл жөніндегі тыйым салудың сақал қыруды да қамтитынын білдіреді. Мәликилер мен Ханбалилер сақал қыруды харам деп қабылдаса, Ханафилер тахримән мәкрүһ деп санаған. «Алла елшісі сақалын ені мен ұзындығына қарай қысқартатын еді», – дейді. Ғалымдар сақалдың өлшемі туралы түрлі көзқарас білдірген. Имам Мәлік сақалдың өте ұзарып кетуін мәкрүһ санаған. Кейбір ғалымдар бір тұтамды жеткілікті санап, артығын кесуге үкім берген. Сақалдың бір тұтам болуы туралы көзқарас әзірет Омарға тиесілі. Бірде ол сақалын тым ұзартып, бейберекет өсірген бір адамның сақалын ұстап, ескертіп, артынан бір адамға әмір етіп, «бір тұтамынан қалғанын кес» деп бұйырғаны айтылады. Сосын әлгі адамға қарап «бар да шашыңды түзет!» – деп әмір етеді де: «Неге кейбір адамдар өз-өзіне қарамай, жыртқыш аңдар тәрізді өздерін бос қоя береді», – деп сөгеді. Ғалымдардың кейбірі осыған орай сақалдың шегінің болуы керектігін, оған күтім жасап баптау қажеттілігін айтады. Өйткені күтімсіз сақал адамды ұсқынсыз етіп көрсетеді. Негізінде, сақалдың ұзындығы туралы сүннеттен нақты бір дәлел жоқ.
Ғалымдар әдемілікті назарға алып осылай үкім берген. Мұрт қоюға келсек, хадистерде мұрттың қысқартылуы, кесілуі яки қыруына қатысты әмірлер бар. Сахабалар арасында мұртын қысқартқандары да, қырғандары да бар. Ғалымдар мұрттың тереңірек қырқылуын және жоғарғы еріннің көрінетіндей астынан алынуын насихаттайды. Имам Нәуәуи Мүслимнің хадистер жинағына жазған түсіндірмесінде «Адам түгелдей аламын десе де, аздап өсіремін десе де, өзі біледі», – дейді. Әбу Дәуіттің «Сунән» кітабында да Муғира ибн Шуғбә: «Мұртым өте ұзын болатын. Мисуактан артық жерін Пайғамбарымыз кесті», – дейді. Тирмизидің бір хадисінде: Ардақты пайғамбарымыздың (аләйһис-саләту уәс-сәләм) әдетте шаштарын иықтарына түсетіндей етіп қойғанын, кейде шашын қысқартқанын немесе тақырлап алынғанына қарай Ислам ғалымдары сақал жайында білдірген көзқарасындай пікір білдірген. Олар Пайғамбардың шаш қою түрін әдет-ғұрыпқа тән іс-әрекет және өзіндік таңдау ретінде санаған. Сол себепті фиқһта мұсылмандардың Пайғамбарға бағыну ретінде шаштарын ұзарту керектігі міндет деген сыңайдағы ешқандай сөз жоқ. Шаш қойған адам сол шашының күтімін жасау керек. Пайғамбарымыз «Кімде-кімнің шашы болса, оны күтіп қадірлеп ұстасын», – дейді. Кейбір хадисте Пайғамбарымыз шаш өсіріп, бірақ қарамай ұйпа-тұйпасы шығып жүрген адамға «шайтан секілді басындағы шашы ұйпа-тұйпа», – деп, ескерту айтқан.
Шашты бояуға Пайғамбарымыз рұқсат еткен. Ер кісі шашын әртүрлі бояумен бояғанмен, қара түске бояуға келгенде ғалымдар арасында пікір қайшылығы, яғни, «болады», «болмайды» деген екі түрлі көзқарас бар. Бұған мысал ретінде мына екі хадисті айта кетелік. Әзірет Жабир жеткізеді: «Әбу Куһафә Фатих күні Алла елшісінің құзырына келді. Шашы көбіктей аппақ еді. Пайғамбарымыз (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Мынаны әйелдерінің біріне алып барыңдар. (шашының түсін) өзгертсін. Бірақ қараға бояудан аулақ болыңдар» дейді. Басқа бір хадисте Алла елшісі (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «(Ағарған шаш пен сақалдарды бояуда) пайдаланған ең жақсы бояу – мына қара. (Өйткені қара бояу) әйелдеріңді өздеріңе қатты тартады. Жауларыңның ішіне қорқыныш ұялатуға да септігі тиеді», – дейді. Екі хадис бір-біріне қарама-қайшы. Бұған қатысты басқа да рияуаттар бар. Осыған қатысты хадистердің бәрін назарға алып таразыға тартқан ғалымдардың басым көпшілігі шаш пен сақалды қараға бояуды мәкрүһ деп үкім берген. Тіпті кейбіреулері бұл жердегі мәкрүһтің «тахримән» (харамға жақын) мәкрүһ екендігін айтады. Ал кейбір ғалымдар болса, қараға бояу тек жауға қарсы шапқанда ғана болады деп пәтуа берген. Ал әйелдерге келсек, оларға қарамен бояуға болады. Бірақ әрине орамал тартпай ел алдында шашын бояп ашық жүргендер орамалдан бөлек күнә табады. Шаштағы ақтардың жұлынуына келсек, Пайғамбарымыз бұған тыйым салған. Алла елшісі: «Шаштағы ақтарды жұлмаңдар. Өйткені бір адам мұсылман болып тұрып бір тал шашы ағарса, бұл қиямет күні сол үшін сөзсіз бір нұр болады», – дейді. Пайғамбарымыз (аләйһис-саләту уәс-сәләм) шашты бояуға рұқсат бергенмен, жұлуға рұқсат бермеген. Мүслимнің бір хабарында Әнәс ибн Мәлік: «Біз шаш пен сақалдағы ақ қылдарды жұлуды мәкрүһ санайтын едік», – дейді. Сондай-ақ, баланың шашын алғанда оны тұтастай алу қажет.
Нафи Ибн Омардың «Алла елшісі «қазағ»-қа (яғни баланың шашының бір бөлігін алу) тыйым салды» деген сөзін жеткізгенде, адамдар: «Қазағ» деген сөзді қалай түсінеміз?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Адам баласының шашын алып, бірақ мына жерлерін алмай тастап кетеді» деп жауап береді. Ол мына жерлер деп маңдайын және екі самайын көрсетті. «Қазағ»-тың тілдік мағынасы «бұлт бөлігі» дегенге саяды. Яғни баланың басындағы алынбаған шаштары бұлттай көрініп тұратындықтан, бұған «қаза» деген. Ендеше, хадис баланың шашын алғанда кейбір жерін қалдырып кетуге тыйым салған. Әбу Дәуіттің бір хадисінде Алла елшісі осындай бір баланы көріп қалып: «Не толықтай алыңдар, не болмаса тиіспеңдер», – дейді. Ибн Хажар бұл мәселенің тек балаға ғана қатысты екендігіне қосылмайды. Үлкендер де, әйел яки ерлер де болуы мүмкін деп, мұндай шаш алу түрін мәкрүһке жатқызады. Пайғамбарымыздың бұған тыйым салу себебіне ғалымдар әртүрлі көзқарас білдірген. Әйелдердің шаш мәселесін айта кетер болсақ, олар шаштарын ерлердің шашына ұқсамайтындай деңгейде қысқартуына болады. Сондықтан қажылық кезінде әйелдер шаштарының ұшын ғана қырқады.
Ал әйелдердің шаштарын тұтастай тақырлап алуына болмайды. Өйткені әзірет Әлі: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әйелдердің шашын тақырлап алуға тыйым салды», – дейді. Бірақ әрине науқастану секілді зәру жағдайларда тақырлап алуына тура келсе, оның жөні бөлек.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әйелдердің парик тағуына да: «Алла кигенге де, кигізгенге де лағынет етсін», – деп тыйым салған. Ғұламалар парик киюдің харамдығын бір ауыздан растаған. Бірақ кейбір ғалымдар жүн, жібек және мата секілді шаштан бөлек нәрседен жасалған нәрсені киюді харам деп есептемеген. Сондықтан бұл жердегі харам болған парик тікелей адамның шашынан жасалған парикке айтылады.
материал Отбасы ғылымхалы» кітабынан алынды,
ummet.kz