«Көз тимесін» деп кызыл шүберек байлауга бола ма?
Көз тию хақ оны ешкім жоққа шығармайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Көз тию хақ, егер тағдырдан алдын бір нәрсе болғанда, ол көз тию болар еді»-деген (Мүсілім жеткізген, 2188). Бұл мысал ретінде асыра айтылған сөз, көздің хақ екенін білдіреді. Өйткені, тағдырдан ешнәрсе асып кетпейді. Осы хадис жайлы Қуртуби былай дейді: «Бұл көз тиюдің хақ екенін аңғартады. Асыра айтылған сөз мысал ретінде жүреді. Тағдырды қайтаратын бір нәрсе бар деген түсінік жоқ. Өйткені тағдыр Алланың ілімі, қалауымен жазылып қойылған. Оның әміріне ешкім қарсы келе алмайды әрі үкімін ешкім тәлкек ете алмайды. Жоғарыдағы айтылған хадистің мағынасы: «сені жердің түбінен болса да тауып аламын» деген сияқты сөздердің орнына жүреді.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) бізге көзден пана әрі оны емдеу жолдарын үйретіп кетті. Абу Сайд былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) жындар мен адамдардың көздерінен Аллаға сиынатын еді. Асма бинт Умауйс: Уа. Алланың Елшісі (с.а.с.)! Жафардың балаларына көз тиіп жүр. Оларға дем салайын ба?–деп сұрағанда, Ол (с.а.с.): "Әрине, егер тағдырдан алдын бір нәсе болғанда, ол көз тию болар еді."-деді.
Дем былай салынады: «Фатиха», «Ықылас», «Фәлах», «Нас» сүрелерін оқып, алақанға ақырын түкіріп, бетті және қолы жеткен жерге дейін денелерді сипау. Бұхари мен Мүсілім риуаятында Пайғамбарымыз (с.а.с.) төсегіне жатарында «Ықылас», «Фәлах, «Нас» сүрелерін оқып, алақанына ақырын түкірді де, сол алақанымен бетін және қолы жеткен жеріне дейін денелерін сүрткен деген хабар келген (Бұхари, Мүсілім).
Ендеше көз тимесін деп қызыл шүберек таққаннан Пайғамбарымыз (с.а.с.) үйретіп кеткен жолмен көзден сақтанған абзал.
Пәтуә бөлімі