Біздің дінімізде Отанға деген сүйіспеншілік нешінші орында тұр?
Өз Отанына деген сүйіспеншілік – бұл ең игі сезімдердің бірі. Сөзсіз, Отанға деген сүйіспеншілік біздің дінімізде маңызды орын алады. Мединеге қоныс аудару кезінде Хазрава деген жерде Алла Елшісі (ﷺ) түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамып, шыр етіп дүниеге келгеннен бері тұрған Мекке жаққа қимастықпен қарап, былай айтқандығы келтірілген:
«Алламен ант етемін! Сен – Алланың ең сүйікті жаратқан жерісің. Мен үшін сенен өткен сүйікті, сенен қымбат үй жоқ. Егер мен көшуге мәжбүр болмасам, сенен ешқайда кетпес едім әрі тұру үшін басқа жерді таңдамас та едім».
Өзінің туған жерін қорғауға, сақтауға әр халықтың табиғи құқығы бар. Жерді Отан ететін де осы. Бір ақын былай айтқан екен: «Жер үшін жанын бергендер болғанда ғана, ол - Отан болады».
Әскер қатарында болу, соғыс ісіне үйреніп, өз Отанын, онда тұрып жатқан қарттарды, әйелдер мен балаларды жаулардың шабуылынан қорғау және сол үшін жанын қиюға дайын болу – діни тәрбие жүйесіндегі ең жоғары адамгершілік қасиет болып табылады.
Қасиетті Құранда да Отанды қорғау қажеттілігі туралы сөздерді көптеп табуға болады. Алла Тағала былай айтқан: «Алла (Т.) дін жайында сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Алла (Т.) турашылдарды жақсы көреді. Шын мәнінде Алла (Т.) сендермен дін турасында соғысқандарды, жұрттарыңнан шығарғандарды және шығарылуларыңа көмекші болғандарды дос тұтуларыңа тыйым салады. Біреу оларды дос көрсе, солар залымдар» (60:8-9).