СПИРТ ҚОСЫЛҒАН ТАҒАМДАРДЫҢ, ТӘТТІЛЕРДІҢ ҮКІМІ
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Қазіргі таңда көптеген дәрілерге, иіс суларға, азық-түлік құрамына т.с.с. өнімдерге белгілі бір мөлшерде спирт қосылады. Спиртті қосудағы мақсат – құрамындағы кейбір заттарды еріту және ұзақ мерзімге сақтау.
Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла ол кісіге рақым етсін) мәзһабында жүзім мен құрмадан өндірілген шарап – нәжіс әрі харам. Техникалық, медициналық спирттер адамды мас ету тұрғысынан харам саналғанымен, синтетикалық және ферментациялық жолмен алынғандықтан, нәжіске жатпайды.
Спирттің қандай да бір түрі тағамға тағамдық қоспа ретінде қосылса, алайда құрамы өзгермесе, шариғи тұрғыдан ондай тағамды тұтынуға рұқсат етілмейді.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мас ететін ішімдіктің азы да, көбі де – харам»[1] деген.
Үкім:
- Тағамдық қоспа ретінде қосылған спирттің құрамы өзгермесе, ондай тағамдарды, тәттілерді жеуге болмайды.
- Тағам құрамындағы спирт құрамының өзгеріп-өзгермегендігі зертхана мамандарының нұсқаулығы негізінде ғана анықталады.