«САЛАТУН-НАРИЯ» ҚАНДАЙ ДҰҒА?
«Салатун-нария» деген сөз араб тілінде «отқа қатысты салауат» деген мағынаны білдіреді. Бұл салауаттың осылай аталуын ілім иелері «салатун-нарияның көп оқылуы фитна (бүлік) отын өшіруге себеп болады» деп түсіндіреді.
Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көп салауат айту дұғаның қабыл болуына, қиындықтардан құтылуға түрткі екені туралы көптеген хадистер риуаят етілген. Атап айтқанда, Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарыңа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтпайыңша сенің дұғаң жер мен аспанда тоқтап тұрады, одан ештеме жоғары көтерілмейді», – деген (Тирмизи).
Убай ибн Кағб (Алла оған разы болсын): «Уа, Алла елшісі, мен көп салауат айтамын. Сол салауаттың қаншасын сізге арнасам болады?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қалағаныңша айт», – деп жауап береді (Тирмизи).
«Салатун-нария» да Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтылатын салауаттардың бірі. Бірақ ол бірде-бір сахих не әлсіз хадисте риуаят етілмеген. Ол белгілі тариқат (сопылық) мектебінің жетекшісі шейх Ахмад Рифағиден (Алла оны рақым етсін) жеткен, әдет болған. Ахмад Рифағи Ирактың Үммі Ұбайда ауылында һижраның 512 жылы дүниеге келген. Ол кісінің өсиеті бойынша, бүгінде кейбір ықыласты мұсылмандар оны оқып жүреді. Әсіресе, оны 4444 рет оқу нәтижесінде Алла Тағаланың жәрдемімен қажеттердің өтелуі, дұғалар қабыл болуы тәжірибеде сыналғаны айтылады.
«Салатун-нария» былай оқылады: «Аллаһуммә, солли солатән камиләтән уә сәллим сәламән таммән алә сәйидина Мұхаммадин, алләзи тәнхаллу биһил уқоду уә тәнфарижу биһил куробу уә туқзо биһил хауаижу уә туналу биһир роғоибу уә хуснул хоуатими уә юстасқол ғомаму би уәжһиһил карими уә алә алиһи уә сохбиһи фи кулли ләмхатин уә нәфасин би адади кулли маълумин лака».
Мағынасы: «Уа, Алла! Біздің қожамыз Мұхаммедке кәміл салауат пен ең әдемі сәлемді жолда! Соның себебімен қиындықтар шешімін табады, мұң-қайғылар кетеді, қажеттер өтеледі, армандар орындалады, игі істер соңына жетеді. Аса Мейірімді Алланың қалауымен жаңбыр жауады. Сондай-ақ әр сәтте және әр демде Өзіңе мәлім сан мөлшерінде оның жанұясы мен сахабаларына да мейірім мен тыныштықты нәсіп ет!».
Дегенмен бұдан басқа салауаттарды да айтып, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұға ету, сәлем жолдау арқылы Алла Тағаланың жәрдемін, мейірімін тілеуге болады.