ЖАНУАРЛАРДЫҢ АҒЗАСЫН АДАМҒА ТРАНСПЛАНТАЦИЯЛАУДЫҢ ҮКІМІ
بسم الله الرحمن الرحيم
الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай! Қазіргі таңда медицинаның, ғылым мен технологияның дамуы нәтижесінде жануарлардың ағзаларын адамға трансплантациялауға қол жеткізілді. Медицинада әралуан түрге жататын организмдердің ағзаларын немесе тіндерін бір түрден екінші түрге ауыстыру ксенотрансплантация деп аталады. Ксенотрансплантация отасында еті желінетін және желінбейтін жануарлардың ағзаларын адамға ауыстыру түрлері бар:
1. Еті желінетін жануарлардың ағзасын адамға ауыстыру. Ғалымдар трансплантацияның бұл түріне рұқсат береді. Тек еті желінетін жануарлар шариғат бойынша бауыздалуы тиіс әрі оның ағзасы адамға нақты пайдасы тиюі шарт деген. Өйткені бұл емделудің бір әдісіне жатады.
Алла Тағала Құранда:
وَالأنْعَامَ خَلَقَهَا لَكُمْ فِيهَا دِفْءٌ وَمَنَافِعُ وَمِنْهَا تَأْكُلُونَ
«Ол (Алла) Сендер үшін төрт түлік малды жаратты. Оларда (түліктерде) сендер үшін жылу беретін (жүн, тері, қыл) және (басқа да) пайдалар бар һәм оларды жейсіңдер»[1], – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Алла ауру мен дертті жіберді. Сондай-ақ әрбір дертке дауа (шипа) берді. Ем іздеңдер және емделіңдер. Бірақ хараммен емделмеңдер»[2], – деген. Фатауа әл-Һиндия кітабында: «Қой, сиыр, түйе, жылқы және одан басқа жануарлардың сүйегін емделу мақсатында қолданудың оқасы жоқ. Тек адам және доңыздың сүйегін пайдалануға болмайды»[3], – делінген.
2. Өлексе және шошқа секілді таза емес жануарлардың ағзаларын адамға трансплантациялау. Ғалымдар доңыз және т.б. лас жануарлардың ағзасын адамға ауыстыруға тыйым салған. Имам ән-Науауи (Алла оны рақымына алсын): «Егер бір адамның сүйегі сынса, оны таза жануардың сүйегімен алмастыру керек. Таза жануардың сүйегі бола тұра, нәжіс жануардың сүйегін салуға болмайды»[4], – деген. Алайда трансплантациялаудың бұл түріне төмендегі шарттардың орындалуымен ғана рұқсат етіледі:
1) Аса зәруліктің болуы. Яғни оның орнын басатын таза баламасы болмауы әрі сенімді, білікті медицина мамандарының шешімімен науқас адамның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы һәм емі болуы тиіс. Бұл фиқһ бойынша мына қағидаға негізделеді:
الضرورات تبيح المحظورات
«Зәрулік жағдай тыйым салынған нәрсені рұқсат етеді»[5].
2) Жануар ағзасын салу – науқас адамға пайдасы болатынына көз жеткізу. Яғни науқасты босқа қинау сынды жағдай орын алмауы тиіс. Фиқһ ережесінде: لا ضرر ولا ضرار «Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды»[6], – делінген. Мекке қаласында өткен Ислам фиқһы академиясының 8-отырысындағы қарарда: «Еті желінетін жануар шариғат бойынша бауыздалса, ағзасын алып, адамға трансплантациялауға рұқсат. Ал таза емес жануардың ағзасын адамға трансплантациялау тек қана зәрулік жағдайда рұқсат етіледі»[7], – делінген.
Үкім:
1. Еті желінетін жануардың ағзасын адам ағзасына ауыстыруға рұқсат. Бірақ ондай жануар шариғат бойынша бауыздалуы және науқасқа нақты пайдасы тиетініне көз жеткізу шарт.
2. Өлексе және доңыз секілді лас жануарлардың ағзаларын адамға салуға тыйым салынады. Тек мына шарттар негізінде рұқсат етіледі:
– Зәрулік жағдай болса, яғни науқастың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы болуы;
–Одан басқа таза баламасы болмауы;
– Сенімді әрі білікті медицина мамандарының бұл трансплантацияланған ағзалар адамға пайдасы тиеді деген шешімі болуы шарт.
[1] «Нахл» сүресі, 5-аят.
[2] Әбу Дәуід, №3874.
[3] Фатауа әл-Һиндия, 5-том, 434-бет.
[4] Әл-Мажмуғ кітабы, 3-том, 145-бет.
[5] Ибн Нужайм, әл-Ашбаһ уә ән-Назаир кітабы, 85-бет.
[6] Али Хайдар, Дурару әл-хуккәм шарху мәжәлләти әл-әхкәм, 19-бап. 1/36.
[7] Ислам фиқһы академиясының қарарлары, 158-бет.