ҚАДІР ТҮНІ ҰЙЫҚТАМАУ ШАРТ ПА?
Қадір түні – қасиетті, құдіретті, мөлшем, тағдыр деген мағыналарды білдіреді. Бұл түннің артықшылығы жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді:
لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ
«Қадыр түні мың айдан да қайырлы»[1]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَن قَامَ لَيْلَةَ القَدْرِ إيمَانًا واحْتِسَابًا، غُفِرَ له ما تَقَدَّمَ مِن ذَنْبِهِ
«Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі»[2], - дейді. Имам Мужаһид: «Қадір түнінде жасалған амал (намаз, құран оқу, садақа беру) мың айдың ішінде жасалған амалдан хайырлы»[3] - десе, Хафиз Ибн Ражаб: «Қадір түнін жіберіп алғандарымды қайта толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!»[4], - деген. Ал, Суфиян Сәури былай дейді: «Қадір түні тілек тілеп, кешірім тілеу намаздан ұнамды. Құран оқып, артынан тілек тілеу – ең жарасымдысы» [5]. Ендеше қадір түнін барынша құлшылықпен өткізген дұрыс. Бірақ ұйықтамай өткізу шарт емес. Себебі Айша анамыз:
ولا قام ليلة حتى أصبح
«(Алла Елшісі) таң атқанша түнді (барлық бөлігін) намазбен өткізген емес»[6], - дейді. Алайда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:
إن هذا الشهر قد حضركم ، وفيه ليلة خير من ألف شهر ، من حرمها فقد حرم الخير كله ، ولا يحرم خيرها إلا محروم
«Сендерге мына ай келді. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан мақұрым қалса, жақсылық атауынан құр қалғаны. Оның жақсылығынан тек қана нағыз мақұрым адам ғана құр қалады»[7] - делінген. Сондықтан мұсылман адам барынша осы түнді құлшылықпен өткізіп, сауаптан құр қалмауға тырысуы қажет. Ал шаршап-шалдықса кішкене тынығып алудың оқасы жоқ.
Исенов Еркебұлан Олжабайұлы
Ақмола облысы Ерейментау ауданданық
«Тоқан Хазер» мешітінің бас имамы
[1]«Қадір» сүресі, 1-аят.
[2]Бухари, №1901.
[3]Ибн Касир, Мухтасар тәфсир, 3/659.
[4]Ләтаифу әл-мәғариф, 191.
[5]Ләтаифу әл-мәғариф, 204
[6] Нәсәи риуаят еткен хадис.
[7] Ибн Мәжә риуаят еткен хадис.