РАМАЗАН АЙЫНЫҢ СӘРЕСІН ІШУ МІНДЕТ ПЕ?
Сәресі ішу – оразаға ниет еткен адамның таң атар алдында тамақтануды немесе ең болмағанда су ішуді білдіреді. Үкімі – мұстахаб (істесе сауап, ал орындамаса күна сналмайтын іс) амал[1]. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Әнәс бин Мәлик (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: تَسَحَّرُوا فَإِنَّ فِي السَّحُورِ بَرَكَةً «Сәресіге тұрыңдар, сәресіде берекет бар» [2].
Тағы бір хадисте: فَصْلُ ما بيْنَ صِيَامِنَا وَصِيَامِ أَهْلِ الكِتَابِ، أَكْلَةُ السَّحَرِ. «Біздің ораза мен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы сәресі ішуде»[3], – делінген.
Сәресі уақыты түннің соңғы алтыншы бөлігінен таң намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады[4]. Таң намазының уақыты кіргенде сәресі ішуді тоқтату тиіс. Сәресі ішудің өзіндік берекеті мен артықшылықтары бар. Атап айтқанда:
1. Сәресін ішуге тұрған адамға Алла мен Оның періштелері салауат айтады;
2. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті орындалады;
3. Құлшылыққа күш-қуат береді;
4. Ширақтықты арттырады (белсенділік, энергия, т.б);
5. Аштықтан келетін нашар мінездің алдын алады;
6. Сəресі дұғаның ең қабыл болатын кезіне сәйкес келеді;
7. Сəресіде ниетті түзеп, ықыласты арттыруға мүмкіндік туады;
8. Сәресіне тұрған адам таң намазына ұйықтап қалмайды[5]. Сондықтан мұндай пайдадан құр қалмас үшін сәресіне тұрған жақсы. Ал сәресі іше алмай қалған адамның оразасы дұрыс саналады.
Елбек Тасболатұлы
Павлодар облысы бойынша пәтуаға жауапты имам
[1] Имам Ибн Абидин. Радду ал-муһтар 6-том, 341-бет.
[2] Муслим, №1095.
[3] Муслим, №1096.
[4] Имам Ибн Абидин. Радду ал-муһтар 6-том, 341-бет.
[5] Qalam.kz