ӘСКЕРИ БОРЫШТЫ ӨТЕУДІҢ ҮКІМІ
بسم الله الرحمن الرحيم
الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай! Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Елді қорғау үшін міндетті түрде қуатты әскер қажет. Жауға қарсы тұру әрі оларға әскери күш әзірлеу – ислам дінінің талабы әрі сауапты іс. Алла Тағала Құранда былай дейді:
وَأَعِدُّوا لَهُمْ مَا اسْتَطَعْتُمْ مِنْ قُوَّةٍ
«Оларға (дұшпанға қарсы) шамаларың келгенше күш-қуат әзірлеңдер...»[1]. Бұл аят жауға қарсы қуатты әскер әзірлеп, алдын-ала дайындық жасауға шақырады. Отанды қорғау әрбір азаматтың борышы болғандықтан, әскерге бару – міндет[2]. Алла Тағала Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اصْبِرُواْ وَصَابِرُواْ وَرَابِطُواْ وَاتَّقُواْ اللّهَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ
«Уа, иман келтіргендер! (Сынаққа) сабыр етіңдер, (дұшпанға) төзімді болыңдар, (қорғанысқа) бекем болыңдар және Алладан қорқыңдар, сонда мұратқа жетесіңдер!»[3] – дейді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): رِبَاطُ يَومٍ في سَبيلِ اللَّهِ خَيْرٌ مِنَ الدُّنْيَا وما عَلَيْهَا «Алла жолында (Отанды қорғап) бір күн күзетте болу – дүниеден және ондағы барлық нәрселерден қайырлы»[4], – деген. Келесі хадисте:
عَيْنَانِ لاَ تَمَسُّهُمَا النَّارُ، عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشِيَةِ اللهِ، وَعَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فيِ سَبيِلِ اللهِ
«Екі көзді тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқып жылаған және Алла жолында елін күзеткен көз», – деп айтқан[5]. Ғалымдар: «Ислам шариғаты әрбір мұсылманға Отанын кез келген қауіптен қорғауды міндеттейді. Кімде-кім бұл міндетті орындаудан жалтарса, дініне және Отанына қиянат жасаған болып саналады»[6], – деген. Сондықтан Отан алдындағы әскери борышын өтеу – әрбір азаматтың міндеті, ал әскери борышты өтеуден үзірсіз[7] бас тарту – күнә.
Үкім:
1. Отанды қорғау – әрбір азаматтың парызы.
2. Әскери борышты өтеу – міндет, ал одан бас тартуға тыйым салынады.
[1] «Әнфәл» сүресі, 60-аят.
[2] http://dar-alifta.org/Home/ViewFatwa?ID=12752
[3] «Әл Имран» сүресі, 200-аят.
[4] Бұхари, № 2892.
[5] Тирмизи, №1639. Бәйһақи, «Шуғабу әл-иман», 796.
[6] Мысыр пәтуа комитетінің пәтуалар жинағы, 6/62.
[7] Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген себептерден тыс жағдайларда.