БАЛАҒА АТ ҚОЮ КІМНІҢ ҚҰҚЫҒЫ?
Балаға ат қою – әкенің құқығы. Шариғат бойынша, шешеге қарағанда бұл құқыққа әке лайықтырақ. Себебі, балаға тікелей жауапты адам – әкесі. Бала әкеге тиесілі болып табылады. Бұл жөнінде Құранда былай айтылады:
وَعَلَى الْمَوْلُودِ لَهُ رِزْقُهُنَّ وَكِسْوَتُهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ
Бала емізетін аналарды ас-ауқат және киім-кешекпен шариғатқа қайшы келмейтін қоғамдағы ғұрыпқа сай лайықты түрде қамтамасыз ету – баланың әкесінің міндеті[1]. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз сөзінде:
مِنْ حَقِّ الْوَلَدِ عَلَى الْوَالِدِ ثَلَاثَةُ أَشْيَاءَ: أَنْ يُحْسِنَ اسْمَهُ إِذَا وُلِدَ، وَيُعَلِّمَهُ الْكِتَابَ إِذَا عَقَلَ، وَيُزَوِّجَهُ إِذَا أَدْرَكَ
«Баланың әкесіндегі ақысы үшеу: дүниеге келгенде әдемі есім қою, ақылы кіргенде Кітапті (дінді) үйрету және ер жеткенде үйлендіру» [2], - дейді. Дегенмен, бір отбасы болғандықтан өзара ақылдасып, бірауыздан келісіп, балаға әдемі ат таңдаған жақсы болады. Алла Тағала өзінің кітабында мүміндердің сипатын былай баяндайды:
وَأَمْرُهُمْ شُورَى بَيْنَهُمْ
«Олар барлық істерін өзара кеңесе отырып істейді»[3].
Қазақ дәстүрінде балаға ат қою көбінесе ата-әжеге табысталады. Себебі, қазақтың «Қарты бар үйдің – қазынасы бар», - деген мақалы бекер айтылмаған. Немере туғанда әке сый-құрмет ретінде ат қою ақысын өз әкесіне табыстайды. Өйткені, әке баланың өмірге келуінің себепшісі.
[1] Бақара сүресі, 233- аят.
[2] Ас-Самарқанди, Танбих ал-ғафилин 152-хадис.
[3] Шура сүресі, 38- аят.