ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҚҰНДЫ МҰРАСЫ
Дін мен дәстүрді сабақтастыра қатар ұстанған дана халқымыз ұлттық спорт ойындары жағынан өзіне тән ерекшелігі бар, зор тәрбиелік мәнге ие. Зер салып қарайтын болсақ, спорттық ойындарымыздың дені белгілі бір мақсатқа негізделіп қалыптасқан. Ислам діні спортқа көп көңіл бөледі және мұсылман үмметін мықты да батыл болуы үшін спортпен шұғылдануға үндейді. «Күш-қуат» сөзі Құранда 42 мәрте келген. Сонымен қатар Алла Тағала үмметті жаудың бетін қайтара алатындай соғысқа бейім, қайратты да қайсар болуға дайындауды бұйырды. Бұл жөнінде Жаратушы Иеміз Құранда былай дейді:
وَأَعِدُّوا لَهُم مَّا اسْتَطَعْتُم مِّن قُوَّةٍ وَمِن رِّبَاطِ الْخَيْلِ تُرْهِبُونَ بِهِ عَدُوَّ اللَّـهِ وَعَدُوَّكُمْ وَآخَرِينَ مِن دُونِهِمْ لَا تَعْلَمُونَهُمُ اللَّـهُ يَعْلَمُهُمْۚ
«(Уа, мүміндер!): Дұшпанға қарсы қолдарыңнан келгенше күш-қуат сайлаңдар һәм соғыс үшін ат баптаңдар. Сол арқылы Алланың (яғни, хақ діннің) дұшпандарын, өздеріңнің дұшпандарыңды һәм өздерің білмейтін, қыр-сыры бір Аллаға ғана мәлім болған өзге де дұшпандарыңды қорқытыңдар, олар қаймығатындай күш болыңдар»[1]. Ардақты Пайғамбарымыз да (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) адамдарды дене мен рухты күшейтуге ынталандырып былай деген:
"المُؤمِن الْقَوِيُّ خيرٌ وَأَحبُّ إِلى اللَّهِ مِنَ المُؤْمِنِ الضَّعِيفِ".
«Күшті-қуатты мүмін, әлсіз мүміннен хайырлы әрі Аллаға сүйікімдірек»[2].
Бабаларымыз да спорттық ойындарды ұлттық негізге сай дамытып, халқымыздың иманы мен дене-бітімінің мықты болуына мән беріп, сүннетті берік ұстана білген. Жалпы халқымызда 150-ге тарта ұлттық ойындар бар екен. Оларды зерттеген ғалымдар: ойын-сауық, тұрмыс-салт ойындары, жануарлар дүниесі, аңшылыққа байланысты ойындар, дене шынықтыру спорт ойындары деп бөліп қарастырады. Әрине, ол ойындардың бүгінде біразы ел есінен шығып, ұмытылып-та кеткен. Бұл ойындардың көбісінің ежелден қалыптасқан арнайы өлеңдері бар. Өлеңдер ойынның эстетикалық әсерін арттырып, балалардың өлең-жырға деген ыстық ықыласын оятып, көңілін көтереді, дүниетанымын арттырып, еңбекке баулиды, шынықтырады. Аңға байланысты ойындар: ақсерек-көксерек, аңшылар, кірпіше қарғу. Малға байланысты ойындар: аларман (қойға қасқыр шапты), асау көк, соқыр-теке, түйе мен бота. Түрлі заттармен ойналатын ойындар: ағаш аяқ, аққала, ақпа, ақсүйек, алты-бақан, арқан аттау, арқан тартыс, асық, батпырауық, белбеу соқ, епті жігіт, жаяу көкпар, күміс ілу, қамалды қорғау, тобық, шертпек, шілдік. Зеректілікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін ойындар: атқума, аударыспақ, бағана өрмелеу, балтам шап, бөріктастамақ, бұқатартыс, қарамырза, санамақ, сұрақ-жауап, тасымалдау.
Ұлттық ойындар – ата-бабаларымыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлық, асыл қазына десек-те болғандай. Ұлттық ойындарымыз адамның шығармашылық қабілетін оятып, ойдың қалыпты дамуына жол ашады. Әсіресе жас жеткіншектерімізге ұлттық ойындардың тәрбиесін білім бағдарламасына ендіре отырып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып нақыштарымен тәрбиелеу өте орынды. Яғни, тәрбиелік маңызы зор ойындарды ойнатуды талап ету қажет. Қазір жан-жақты технологияның дамыған, білімділер ғасыры болғандықтан бүгінгі таңда заманымызға сай ой-өрісі жоғары ұрпақ қалыптастыру мемлекетіміздің алға қойған аса маңызды міндеті. Бүгінде жасыратыны жоқ, балалар бір-бір планшет, телефон ұстап күндіз-түні соған қарап телміріп отырады. Мұның денсаулыққа, баланың өсіп жетілуіне қаншалықты зиянды екендігі айтылып жатса да, ата-аналар ден қойымайтын секілді. Міне, осы нәрселерге тыйым сала отырып, өзіміздің бой мен ойды сергітер ұлттық ойындарымызды әліде көбірек насихаттасақ жақсы болар еді. Жалпы, ұлттық ойындар педагогиканың дәстүрлі құралы болып-та саналады. Ол, бала өмірінің табиғи серігі, көңіл-күйінің бұлағы. Онда адам өмірінің бейнесі, тұрмысы, салт-дәстүрі, еңбегі, халықтық намыс, батылдық туралы көзқарастары, жылдамдық, шеберлік қимылдарды меңгеру, сондай-ақ шығармашылық тұрғыда ойлау қабілеті, ептілік пен тапқырлыққа деген талпыныс айқындалып жетіле түседі. Осылайша жасөспірімдер санасына жастайынан туған елдің мәдениетіне, әдет-ғұрпына деген қызығушылық, сүйіспеншілік және қадірлеу секілді сезімдер қалыптасады. Енді халық арасында кең таралған ұлттық ойындарға тоқталып өтсек: Мәселен, күрес сайыстық ойыны.
Бұл – жеке адамның білек күші мен айла-амалы бірге сынға салынатын спорт түрі. Аталмыш күрес түрлеріне қатысты, аты әлемге әйгілі ғалымдарымыздың бірі, Мұхаммад Әмин ибн Ғабидин былай деген: «Күрес бидғатқа жатпайды, өйткені Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) Ибн әл-Әсуад әл-Джумаһи және Рукана сынды көп кісімен күреске түскен. Сол кезде, Рукана Алла елшісіне (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Егер пайғамбар жеңсе, Исламды қабылдаймын»,-деп шарт қойған. Сонда Алланың Елшісі (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) оны үш рет қатарынан жерге жыққан»[3]. Қазақша күрес күні бүгінге дейін сақталып, халықаралық аренаға шыққан ең танымал ұлттық ойынымыз. Бұл – қазақ халқының осы спорт өнеріне ерекше ден қойып, тәлімдік маңызын ұстап қалғандығының бір белгісі. Джабир ибн Абдулла мен Джабир ибн Умайр (Алла ол екеуінен разы болсын) риуаят еткен хадисте, Алла Елшісі (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) жылқы міну жайлы былай деген:
كُلُّ شَيْءٍ لَيْسَ مِنْ ذِكْرِ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ فَهُوَ لَغْوٌ وَسَهْوٌ إِلَّا أَرْبَعَ خِصَالٍ: مَشْيُ الرَّجُلِ بَيْنَ الْغَرَضَيْنِ، وَتَأْدِيبُ فَرَسَهُ، وَمُلَاعَبَتُهُ أَهْلَهُ، وَتَعْلِيمُ السِّبَاحَةِ
«Ер азаматтың садақпен нысанаға жебе атуы, жылқысын мініп үйретуі, әйелімен әзілдесіп, қалжындасуы және жүзуді үйретуі сынды Алланы еске алуға жатпайтын, осы төрт істен басқасының барлығы бос әрі пайдасыз нәрсе»[4]. «Көкпар ойыны» – көптің көзайымына айналған ат пен ер азаматты қатар сынға салатын тартыс түрі. Көкпарда ер-жігіттің күшін, төзімділігі мен ептілігі сыналады. Сондай-ақ, бұл спорт түрі жылқы малының да жүйріктілігін аңғартады. Сонымен қатар, Уруа ибн әл-Джағд (Алла одан разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) жылқы жануарының артықшылығы жайлы былай деген:
الخَيْلُ مَعْقُودٌ فِي نَوَاصِيهَا الخَيْرُ إِلَى يَوْمِ القِيَامَةِ : الأَجْرُ وَالمَغْنَمُ .
«Жылқының кекіліне байланған хайыр-жақсылық қиямет күніне дейін жалғасады. (Себебі ахиретте жылқының арқасында адамдар) сауапқа кенеледі де, (бұл дүниеде) олжа иеленеді»[5]. «Аударыспақ» – бұл да ежелден келе жатқан айла-тәсіл арқылы салт аттылардың ер үстінен аударып түсіретін қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Бұл ойын жауынгерлердің сын сағатта найза, қылыш қолдану арқылы дұшпанын жеңуге тигізер көмегі зор болған. Қажыр-қайраты мол, шапшаң қимылдап, ат үстінде еркін отыратын жігіттердің бақ сынасар сайысы бүгінгі күнге дейін ойнатылады. Сондай- ақ Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) садақ атып үйрену ісіне маңыз беріп, сөзін үш мәрте қайталап былай деген:
أَلَا إنَّ القُوَّةَ الرَّمْيُ، أَلَا إنَّ القُوَّةَ الرَّمْيُ، أَلَا إنَّ القُوَّةَ الرَّمْيُ.
«Расында, күш-қуат – садақ атуда»[6]. Қазақтың бай тілінде «мерген» дейтін сөз, яғни атау бар. Ерте кезде садақ ату мен мергендік өнер бір сөзбен айтқанда, ұлыстың бекемдігі үшін баға жетпес құндылық саналған. Сондықтан көшпелі халқымыз ер баланы жастайынан садақ ұстауға баулып, елін қорғауға тәрбиелеген.
Қорыта айтқанда қазақтың ұлттық ойындарын жас ұрпаққа ойнату мен үйретудің негізгі мақсаты балалардың дене тәрбиесін дұрыс жолға қоюға, спорттық шеберліктері мен мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ бұл халқымыздың ерлік-жауынгерлік тарихын, ерліктің өшпес үлгісін қалдырған қас батырлардың өмір-өнегесімен таныстыруға, өз жерін, өз елін қорғай алатын елжанды, ұлттық намысы мол жігерлі ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады. Алла еліміздің жастарын иманды да саналы, ақылды да парасатты және жігерлі де қайратты болуын нәсіп етіп, мемлекетіміздің тұғыры биік, мұраты асыл әрі тәуелсіздігімізді қияметке шейін мәңгі болуын жазсын.
Дархан Манарбекұлы
Қостанай облысының пәтуаға жауапты маманы
[1] «әл-Әнфәл» сүресі, 60-аят.
[2] Имам Муслим, № 2664.
[3] «Радду әл-Мұхтар ғала әд-Дурр әл-Мухтар», 1/493.
[4] Имам Насай, «әс-Сунан әл-Кубра», № 8940.
[5] Имам Муслим, № 1873.