Мұсылманшылығы жоқ адам – қандай адам?
Әрбір адамның өзіндік дүниетанымдық ұстанымдары, принциптері болады. Міне, солардың жиынтығы таным деп аталады. Яғни, әрбір адамның танымдық тұғырнамасы болады. Мысалы, біреу үшін материалдық жағдай, дүние-мүлік байлық басты болып есептеледі, ондайлардың кейбірі мұндай танымын ашық білдірсе, ал енді біреулері онысын жасырады. Ал енді біреулер өзін мұсылманмын деп санағанмен мұсылмандық міндеттерін орындауға мойны жар бермейді. Содан кейін өзін толыққанды мұсылманның қатарына санамайды да, рухани дәрменсіздікке ұшырайды. Яғни арақ ішіп, жаман әдеттерден, харам істерден арыла алмайды. Қорыта айтқанда, аты мұсылман болғанымен, заты толық мұсылман емес. Бұл жағдай қоғамдағы қалың көпшілікке қатысты. Сөзіміздің негізділігі намаздан, анығырақ айтқанда қоғамымызда намаз оқитын мұсылмандардың санынан анық байқалады.
Енді бір топ ата-бабам мұсылман болып, намаз оқыған ғой деп намаз оқығанымен дін жөніндегі түсінігі тар, көпшіліктің ауанымен кейде былай, кейде олай, әйтеуір, парызымды орындап жүрмін деген тоқмейілсу түсінікте.
«Көп қорқытады, терең батырады» деген халық даналығы. Көп адасып жүр екен деп көптің ауанымен кетіп, имани ұстанымынан бас тартуға болмайды.
Енді біреулер үшін спорт, біреулер үшін өнер, енді біреулер үшін сезімдер, махаббат.. т.б. Біреудің бар табынары, кумирі не тотемі атақты футболист, біреудікі атақты саясаткер, біреудікі бизнесмен, өнер жұлдызы, тағы басқа.
Қазақ қоғамындағы өзін зиялының қатарында санайтын бәзбіреулердің дүние танымы «тәңіршілдік, шаманизм» шатпағынан негізделінген. Олар «көкбөріні», «барысты», «қыранды» және тарихи тұлғаларды пір тұтып, соларға табынуға, ескі надандықққа қайтуға шақырады. Ондайлардың бойларынан мұсылмандықтың исі де шықпайды. Олардың мұсылмандық танымдары дұрыс қалыптаспаған. Олар біресе көкбөріні, көк тәңіріні айтып көкіп кетсе, кейде аруаққа табынып, пұттарға апарып гүл шоқтарын қояды. Ал мұсылманшылық жайы сөз болғанда өзін мұсылманның қатарында санап, монтия қалады. Бұл тек тәңіршілдікті ашық қолдап жүрген дінбұзарлардың ғана емес, асыл дініміздің ұстанымдарынан қоғамдағы бейхабар көпшілік зиялы топқа тән құбылыс. Міне, сондайлар талай адамдарды, жастарды, шәкірттерді шатастырып, шынайы дін мен шатпақ шаманизмнің ара-жігін айыра алмай, бірін-біріне соғып, қойыртпақ қылып қалың көпшіліктің санасын дал қылуда.
Ал енді біреулер және олар аз емес, дін туралы сөз болса, керемет оқиғаларды, «араб жерінде әуеде ілініп тұрған тас», «Түркістан маңындағы кереметтер туралы, оңтүстіктегі күнәсіз адам тартса су шығатын, ал күнәлі адам тартса су шықпайтын керемет құдық туралы, әуеде ұшатын, өзеннің суын теріс ағызған әулиелер туралы, бақсы-балгер, құмалақшы, сәуегейлер туралы т.б. толып жатқан қиял-ғажайып әңгімелерді жүндей түтіп, сөзді сондай қайдағы бір «сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ» аңыз-әпсаналар мен ұзынқұлақтан жеткен негізсіз қиссаларды есе жөнеледі...
Енді біреулер «енді біз мұсылманбыз ғой, құдайға шүкір, сендер намаз оқып жүрсіңдер ғой, әйтеуір, сендердің арқаларыңда бірдеңе қылармыз» деп әңгіменің артын әзілге айналдырып, өзінше тығырықтан шығар жол тапқандай ыржиып мәз болады.
Алла Тағала былай дейді: «Шынында ол әзіл емес» (Тарық сүресі)
Ал енді сол баяғы коммунистік иделологияны желеу етіп, соның инерция-ағынымен кете беретін болсақ немесе ескішілдіктің ескі надандық сүрлеулермен сүмеңдеп кете беретін болсақ, келешек жағдайымызы не болмақшы, тіпті, таным-түсінігі, ұлттық сипаты толық қалыптаспаған, басқаға бағыныштылықтан арылмаған мұндай ұлттың тәуелсіздігінің баяндылығы, болашағы қандай?
Ақиқатында діни наным бірлігі – ел, ұлт болашағының кепілі. Ұлтты ұлт қылатын да дін екендігі қоғамтану ғылымында нақты айтылған. Олай болса, елдігіміздің тұғыры берік, тәуелсіздігіміз баянды болсын десек, ұлттық, діни құндылықтарымызды қызғыштай қорғай білейік. Сол үшін асыл құндылықтарымызды өз бойымызға сіңірейік. Осы мақсатты көздеген қолыңыздағы еңбегімізде қазақ даласында ондаған ғасырлардан бері салтанат құрған мұсылмандық діни-танымның негіздері туралы мағлұмат берілді.
Жаратушы Хақ Тағала асыл дініміз Исламға күш-қуат бергей! Шынайы мұсылмандардың қатарын көбейтіп, мүміндердің мерейін үстем еткей! Әмин.