НАМАЗДА ҚОЛДЫ КІНДІКТІҢ АСТЫНА ҚОЮҒА ДӘЛЕЛ БАР МА?
Ханафи мазһабы бойынша ер кісілер намазда қолды кіндік астына қою сүннет болып саналады[1]. Уәйл бин Хужр әкесінен (оған Алла разы болсын) жеткізген риуаятта былай делінеді:
رأيت النبي صلى الله عليه وسلم يَضَعُ يَمِينَهُ على شِمَالِهِ تَحْتَ السُّرَّة
«Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың слауаты мен сәлемі болсын) намазда тұрғанда, оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктің астында ұстап тұрғанын көрдім»[2].
Әнәс бин Мәлик айтады:
ثَلَاثٌ من أَخْلَاقِ النُّبُوَّةِ: تَعْجِيلُ الإفطار، وَتَأْخِيرُ السَّحُورِ، وَوَضْعُ الْيَدِ الْيُمْنَى على الْيُسْرَى في الصَّلَاةِ تَحْتَ السُّرَّةِ
«Үш нәрсе пайғамбардың болмысынан: ауыз ашуға асығу және сәресіні кешіктіру. Сондай ақ, намазда тұрғанда оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктің астында ұстау»[3] – деді. Сондай-ақ, Алиден (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте:
مِن السُّنَّةِ وَضْعُ اليدِ اليُمنى على اليُسرى تحت السُّرَّةِ
«Оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктің астында ұстау сүннеттен»[4], – деді. Жоғарыдағы аталған хадистер ер кісілерге намазда қолды кіндік астына қоюға нақты дәлел болады. Себебі қолды кіндік астына ұстау тақуалықтың бір бейнесі. Қолды байлағанда бас бармақ пен кішкентай саусағы арқылы сол қолдың білезігінен қапсыра ұстайды.
Исламқұл Иманқұлұлы
Шымкент қаласы бойынша пәтуаға жауапты маман
[1] Әл-Ихтияр, 1/163. Мабсут, 1/24 бет. Сәбилу әл-Фәттах шарху нуру әл-идәх, 94.
[2] Әби Шәйбә, Әл-Мусонниф, 1/39.
[3] Байһақи, 2/29. Бірақ Байһақидың риуаятында «تَحْتَ السُّرَّةِ» сөзі келмеген.
[4] Ахмад, №875. Әбу Дәуіт, №756.