ТУЫСТЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ ҮКІМІ
Туыстық қарым-қатынас деп адамдар арасындағы байланыстардың ең жақынын айтамыз. Жұмһур ғалымдардың пікірі бойынша туыстық қарым-қатынасты нығайту уәжіп, ал үзу харам[1].
Алла Тағала Құранда былай дейді:
فَهَلْ عَسَيْتُمْ إِن تَوَلَّيْتُمْ أَن تُفْسِدُوا فِي الْأَرْضِ وَتُقَطِّعُوا أَرْحَامَكُمْ ﴿٢٢﴾ أُولَـٰئِكَ الَّذِينَ لَعَنَهُمُ اللَّهُ فَأَصَمَّهُمْ وَأَعْمَىٰ أَبْصَارَهُمْ
«Егер іс басына келетін болсаңдар, сендерден жер жүзінде бұзақылық істеу, жақындық байланысын үзу ғана үміт етілмей ме? Олар Алла лағынет етіп, саңырау және көздерін соқыр қылғандар» [2].
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
الرحم متعلقة بالعرش، تقول من وصلنى وصله الله، ومن قطعني قطعه الله
«Ағайындық аршыға байланған. Аршы айтады кім менімен туыстық байланыс жасаса онда ол Алламен байланыс жасағаны. Ал кімде-кім менімен туыстық байланысты үзсе онда ол Алламен байланысты үзгені» [3], - деген. Тустық қарым-қатынасты нығайту екі дүниенің пайдасына кенелтетін өзіндік артықшылығы бар. Атап айтқанда:
1. Жәннатқа кіруге себеп болады. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туысқанмен қарым-қатынас жасауды жәннатқа кіргізетін амалдардың бірі ретінде атаған[4].
2. Адамның ғұмыры мен ризығын арттырады. Әнас ибн Мәліктен жеткен хадисте Пайғамбарымыз(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: من سرَّه أن يُبسَطَ له رزقُه، وأن يُنسَأَ له في أثرِه، فلْيَصِلْ رَحِمَه «Кім ризық-несібесінің көбеуің және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатнасын күшейтіп, оған қарайлассын» [5]. Ғұламалар «ғұмырының артуын» жәннатқа жетелейтін ізгі амалдарды көп істеумен өміріне береке беріп қояды деп астарлап түсіндіреді.
3. Алла Тағаламен байланысы шынайы іске асады. Алланың пенделермен байланысы оларды жақсылыққа кенелтумен болады.
4. Жомарттық, уәдеге беріктік т.б. тәрізді бірнеше артықшылықты бойына жинайды.
5. Ағайындар арасында махаббат, сүйіспеншілік, мейірімділік күшейеді. Бұл өз кезегінде бір-біріне деген жүректің тазалығына алып барады.
6. Құрметке ие болады, айналасындағылармен байланысы жақсарады[6]. Ал туысқанмен байланысты үзгеннің мынадай зардаптары бар:
1. Амалдары қабыл болмайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): إن أعمال بني ادم تعرض كل خميس ليلة الجمعة، فلا يقبل عمل قاطع رحم «Расында адам баласының амалдары әр бейсенбі жұма түндері Аллаға көтеріледі де тек туысқандық қарым-қатынасты үзген адамның амалдары көтерілмейді» [7], - дейді.
2. Жәннаттан құр қалады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Туыстық қарым-қатынасты үзгендер жәннәтқа кірмейді»[8], - деген.
3. Дүниенің өзінде азабы тездетіп беріледі. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала қияметте лайықты жазасын берумен қоса бұл дүниеде де сазайын тездетіп беретін қарақшылық пен туыстық қатынасты үзгендерден асқан күнә жоқ»[9], - дейді. Сондықтан бауырларын зиярат ету, жағдайын сұрау, сый-сияпат беру, араздасып қалғандарымен татуласу арқылы туыстық қатынасты нығайту мұсылманның міндеті. Ыбырай Алтынсарин атамыз бір сөзінде: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» деген. Сол үшін бала тәрбиесінде туыс-туғандарға мейірімді, жанашыр қылып тәрбиелеу керек.
Дабылов Қайрат Базарбайұлы
Алматы қаласы пәтуаға жауапты маман
[1] Хашияту ибн Абидин, 6/411. Тәбиину әл-хақайық, 6/201. Хашияту әл-Адауи әлә шәрхи кифаяти әт-талиби әр-раббани, 2/557. Ғазау әл-әлбәб, 1/357.
[2] «Мухаммад» сүресі, 22-аят.
[3] Термези риуаят еткен. Әдәбул муфрод,
[4] Бұхари, №5983.
[5] Бухари риуаят еткен. №1468.
[6] Мухаммад л-Хамд, Қатиғату әр-рохм: әл-мәзәһир, әл-әсбәб, сәбилу әл-иләж. 24-31.
[7] Ахмад риуаят еткен. Әт-Тарғиб 3/142.
[8] Бухари риуаят еткен. №1469.
[9] Әбу Дәуіт, №4902. Ахмад, 5/36-38.