БАЛАНЫ ҚАЙ ЖАСТА СҮНДЕТКЕ ОТЫРҒЫЗҒАН ЖӨН?
Сүндет (араб.:ختان — сүндеттеу) — медицина ғылымында «циркумцизия» (лат. circumcisio — дөңгелете кесу) деп аталады. Сүндеттеу – ислам дінінде әрі қазақ дәстүрінде ер баланың жыныс мүшесіндегі тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын ғұрып. Үкімі – сүннет. Әбу Һурайра (Алла одан разы болсын) жеткізген хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
خَمسٌ منَ الفِطرةِ: الاستِحدادُ، والختانُ، وقصُّ الشَّاربِ، ونَتفُ الإبطِ، وتَقليمُ الأظفارِ
«Адам табиғатына бес нәрсе тән. Сүндеттеу, шат пен қолтықтағы түкті тазарту, тырнақ алу және мұртты басу (қысқарту)»[1].
Тағы бір хадисте:
إِنَّ مِنْ سُنَّتِي وَ سُنَّةِ الْأَنْبِيَاءِ قَبْلِي النِّكَاحَ وَ الْخِتَانَ وَ السِّوَاكَ وَ الْعِطْرَ
«Төрт амал пайғамбарлар сүннеті: сүндеттеу, иіс су мен мисуак қолдану және некелесу» [2], - деген. Шариғатымызда ұл баланы қай жаста сүндетке отырғызу жөнінде нақты уақыт белгіленбеген. Кейбір ғалымдар баланы кішкентай кезінен бастап ақ пен қараны ажыратқанға дейін сүндетке отырғызуды мұстаһаб санайды. Өйткені бұл уақытты оған өте жеңілдеу болады әрі жарасы тез бітеді. Сосын бала таза күйінде өсіп жетіледі дейді[3].
Тіпті жетінші күні сүндеттеуді дұрыс санайды[4]. Алайда жетінші күні яһудилерге ұқсау болғандықтан Ханафи, Мәлики, Ханбали мәзһабында мәкруһ есептеледі[5]. Ханафи мәзһабында жеті мен он екі жас аралығында сүндеттеуді жөн көреді[6]. Себебі балаға балиғат жасына жетуімен ғана шариғаттың міндеттемелері жүктеледі. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مروا أبناءكم بالصلاة لسبع سنين، واضربوهم عليها لعشر سنين، وفرقوا بينهم في المضاجع
«Жеті жасқа жеткен балаларыңа намаз оқуды үйретіңдер, он жастан бастап намаз орындауларың қадағалаңдар! Ұл-қыздарыңның жатын орындарын ажыратыңдар!» [7], - деген. Сонымен қатар сүндеттеудің уақытын белгілеуді адамдардың өз ықтиярына тапсырылады деген пікірлер де жоқ емес. Бастысы бала сүндеттеуді көтере алу керек[8]. Қазақ халқында баласы бес, жеті не тоғыз жасқа толған шағында оны сүндеттеуді өзіне міндет санаған[9]. Халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген осы бір игі дәстүрін бүгінгі дамыған медицина да қуаттап, баланың он жасқа жетпей сүндеттелінуі пайдалы екенін алға тартады[10]. Сондықтан сүндетке отырғызу уақытын әрбір отбасы жергілікті аймақ пен елдің өзіндік әдет-ғұрыптарына байланысты белгілеген дұрыс.
Әсет Раманкулов
БҚО бойынша пәтуаға жауапты маман
[1] Бухари, 5891, Мүслим, 257: Байһақи. Әс-Сунан әл-Кубра, 8/552.
[2] Ахмад. Муснад, 3/415.
[3] Имам Нәуәуи. әл-Мәжмуғ, 1/351.
[4] Тухфату әл-Мухтаж, 9/200.
[5]Әбулхасан әл-Адауи. Хашияту әл-Адауи, «Дәру әл-Фикр» Бейрут, - 1994ж., - 1/595.
[6] Шейх ән-Низам. Фәтәуә әл-Һиндия, «ДКИ» Бейрут, - 2010ж., 5/357.
[7] Ахмад. Муснад, 2/187.
[8] Хашияту Ибн Абидин, «Дәру әл-мағрифа» Бейрут, 2018ж., 6/752.
[9] Б.Әлімқұлов, Е.Әбдіраманов. Әдеби-этнографиялық таным, 238 б.
[10] Доктор Мухаммад әл-Бәр, әл-Хитан, 76 б.