Ассаламуалейкум, менің қояр сұрағым: егерде жалға беріліп жатқан үйіңіз болса, зекетті үйдің бағасынан берілеме әлде ай сайын түсетін төлемнен беріле ме? Алла Разы болсын!
Уағалейкумсалам!
Пәтерден түскен табыс жиынтығының құны (шығындарын шегергеннен кейін) кем дегенде 85 грамм алтынның құнына тең келсе, және бір жыл уақыт өткен болса, сол жыл ішінде жиналған жалпы ақшаның қырықтан бірін (2,5%) зекет ретінде беру – парыз.
Тарқатып айтар болсақ: мысалға табыс көзі тек пәтерлерден түскен қаржы ғана деп алайық. Пәтерден шамамен айына 80 000 теңге кіріс кіреді деген сөз. Осы кірістен бір айлық шығынды (өзінің және отбасының нәпақасы, қарыздарын т.б. орташа шығындарын) шегеріп, одан қалған ақшаны, осы жолмен ай сайын артылып жиналып жатқан ақшаларына қосады. Осылайша жиналған ақша жиынтығының құны ең кемі 85 грамм алтынға сай келетіндей сомаға жеткен болса, сол мезеттен бастап есептегенде бір жыл уақыт өтісімен, сол бір жыл ішінде жиналған табысының қырықтан бірі (2,5%) зекет ретінде берілуі тиіс. Бір жыл уақытты қай сәттен бастап есептеу керек дейтін болсаңыз, жиналған ақша 85 грамм алтынға жеткен күннен бастап есептеледі. Осы жыл ішінде пәтерден түскен ақшаның жиынтығынан 2,5% зекет ретінде береді. Ең дұрысы - Аллаға мәлім.