ӘЙЕЛДІҢ ЕРІНІҢ ТЕГІН ҚАБЫЛДАУЫ ШАРТ ПА?
Негізінде әр адам өз тегімен аталу керек. Тіпті шариғатымыз асырап алған баланың тегін өзгертуге рұқсат бермейді.
Алла Тағала Құранда: «Асырап алған балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар. Алланың құзырында ең дұрысы сол» («Ахзаб» сүресі, 5-аят), – деп бұйырды. Сондай-ақ Құран Кәрімде: «Ары мен абыройын сақтай білген Имранқызы Мәриямды да мысалға келтіреді» («Тахрим» сүресі, 12-аят), – делінген.
Құдайдың және адамдардың алдында мәртебелері жоғары болуына қарамастан, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайлары өз әкелерінің есімімен аталды. Мысалы, Әбу Бәкірқызы Айша, Омарқызы Хафса және Жахшқызы Зейнеп (Алла оларға разы болсын).
Десе де тұрмысқа шыққан кей әйелдер күйеуінің тегіне ауысып жатады. Яғни құжатқа өзінің тегін өзгертіп, күйеуінің фамилиясын жаздыртады. Әрине бұл «пәленше әйел түгенше отбасыға келін болып барды» деп айтқанымыз сияқты әйелді таныту мақсатында жасалады. Осы секілді бір кісіні түрлі жолмен танытуға болады. Мысалы, Нухтың әйелі мен Луттың әйелі, Перғауынның әйелі, Ибн Аббастың азат еткен құлы Икрима, Әлия (анасы) ұлы Исмаил.
Әбу Сағид әл-Худриден (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте: «Мәсғудұлының әйелі Зейнеп (Алла оған разы болсын) Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп (кіруге) рұқсат сұрайды. «Уа, Алланың елшісі! Зейнеп кіруге рұқсат сұрап тұр», – дегенде, ол: «Қайсы Зейнеп?» – деп сұрайды. «Мәсғудұлының әйелі», – деп жауап береді. Ол: «Кірсін», – дейді. Сонда оған кіруге рұқсат береді» (Бұхари, Мүслім).
Осы хадисте әйелді таныту үшін өз ерінің, яғни сахаба Абдулланың тегімен атап тұр. Қазіргі таңдағы өз ерінің тегімен жазылу үлгісі де таныту мақсатында жасалатындықтан, шариғатқа қайшы емес. Ал шариғат өз әкесінен бас тартып, «пәленшенің қызы не ұлы» деуге тыйым салады.
- Әркім өз әкесінің атымен аталу керек. Әкесінің атын өзгерту – харам.
- Тұрмысқа шыққан әйел өз тегінде қалғаны абзал, ерінің тегіне өту-өтпеуі өз еркінде. Алайда күйеуі әйеліне өз тегіне өтуін міндеттеуі дұрыс емес.
Шариғат және пәтуа бөлімі