ИМПОРТ АРҚЫЛЫ ӘКЕЛІНГЕН ЕТ ҮКІМІ
بسمم الله الرحمن الرحيم
الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай! Мұсылман адам ішкен, жеген асының адал, таза болуына аса мән беруі тиіс. Шариғаттың адал еткендерін жеп, тыйым салғандарынан тыйылып, күмәнді істерден қашық болуы қажет. Алла Тағала Құранда былай дейді:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا كُلُوا مِنْ طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ وَاشْكُرُوا لِلَّهِ إِنْ كُنْتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ * إِنَّمَا حَرَّمَ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةَ وَالدَّمَ وَلَحْمَ الْخِنْزِيرِ وَمَا أُهِلَّ بِهِ لِغَيْرِ اللَّهِ فَمَنِ اضْطُرَّ غَيْرَ بَاغٍ وَلَا عَادٍ فَلَا إِثْمَ عَلَيْهِ إِنَّ اللَّهَ غَفُورٌ رَحِيمٌ
«Уа, мүміндер! Ризық етіп берген нәрселеріміздің жақсысынан жеңдер. Егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар Аллаға шүкірлік етіңдер. Шынайы түрде сендерге өлексені (арам өлген малды), қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды арам қылды. Сонда кім мәжбүрленсе, қарсылық қылмаса, шектен шықпаса оған кінә жоқ. Күдіксіз Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді»[1]. Жануарлар мен құстардың етін жеу адал болуы үшін мына шарттар орындалуы тиіс:
1. Еті желінетін жануарлар мен құстардан болуы. Мысалы түйе, жылқы, сиыр, қой, қоян, тауық және сол секілді еті адал жануарлар. Ал доңыз, ит, есек т.б. етін жеуге болмайды, ол – арам.
2. Жануардың кеңірдек, өңеш және мойындағы негізгі күретамырлары кесілуі керек[2]. Егер жануарлардың жаны осы айтылған әдістермен шықпаса жеуге болмайды. Сол секілді шариғат адал еткен малды немесе құсты шариғатпен үйлеспейтін мысалы, тұншықтырып және тоқпен ұрып өлтіру секілді әдіспен бауыздалса, ол етті жеу арам болып саналады.
3. Бауыздаушы ақыл-есі дұрыс, ақ пен қараны ажырата білетін мұсылман не әһлі-кітап (християн немесе яһуди) дінінде болуы шарт[3]. Алла Тағала Құранда былай дейді:
وَطَعَامُ الَّذِينَ أُوتُوا الكِتَابَ حِلٌّ لَكُمْ وَطَعَامُكُمْ حِلٌّ لَهُمْ
«Кітап берілгендердің тағамдары сендер үшін адал және сендердің тағамдарың да олар үшін адал»[4].
Ғұламалар «тағам» сөзін ет немесе бауыздалған жануар деп түсіндірген. Өйткені үкім сонымен байланысты[5].
4. Мал бауыздайтын адам Алла Тағаланың есімін, яғни «Бисмиллә» (Алланың атымен бастаймын) деп айтуы шарт. Егер біліп тұрып әдейі айтпаса, сойған малы адал емес. Ал ұмытып кеткен болса, адал болады[6]. Тіпті кейбір ғалымдар кітап иелері де Алланың есімін атап союы міндетті деген[7]. Алла Тағала Құранда былай дейді:
وَلَا تَأْكُلُوا مِمَّا لَمْ يُذْكَرِ اسْمُ اللَّهِ عَلَيْهِ وَإِنَّهُ لَفِسْقٌ ۗ وَإِنَّ الشَّيَاطِينَ لَيُوحُونَ إِلَىٰ أَوْلِيَائِهِمْ لِيُجَادِلُوكُمْ ۖ وَإِنْ أَطَعْتُمُوهُمْ إِنَّكُمْ لَمُشْرِكُونَ
«Алланың аты айтылмағанды жемеңдер, өйткені ол күдіксіз арам нәрсе. (Оны жеу дұрыс емес.) Расында шайтандар сендермен тартысу үшін, өз сыбайластарына сыбырлайды. Егер оларға бой ұсынсаңдар, (Аллаға) серік қосушылардан боласыңдар»[8]. Бұл үкім мұсылманға да, кітап иелеріне де бірдей тиесілі[9].
Сондықтан кітап иелері малды бауыздар кезде Алладан басқа есімді атамауы шарт. Егер Исаны, Узайырды атап сойса оны жеуге болмайды[10]. Алайда кітап иелерінің малды сойып жатқанда Иса, Узайыр секілді Алладан басқаны атағаны естілмесе, ол еті адал болады[11]. Сондықтан сыртқы елдерден келген әһлі кітап иелерінің еттері осы шарттарға сай орындалған жағдайда жеуге рұқсат етіледі.
Үкім:
1. Елімізге сырттан келген ет жеуге рұқсат етілген жануарлар санатынан болса әрі оны мұсылман немесе кітап иелері шариғат талаптарына сай бауыздаса, ондай етті жеуге болады.
2. Ислам, христиан және иудаизм дінін ұстанбайтын өзге дін өкілдерінен жеткізілген ет – халал емес.
3. Еті халал саналатын жануарлар мен құстар тоқпен, тұншықтыру, ұрып-соғу әдістерімен өлтіріліп, бауыздалатын болса, ондай етті жеу – харам.
4. Арам жолмен сойылған жануарлар мен құстардың еті, іш майы, сіңірі және терісі сынды ағзаларды тағам және тағам қоспасы ретінде пайдалануға болмайды.
[1] «Бақара» сүресі, 172-173 аяттар.
[2] Мәлики мәзһабында кеңірдек пен екі ұйқы күретамыры кесіледі. Шафиғи мәзһабы бойынша кеңірдек пен өңеш кесіледі. Ал артериялар мен мойындырық қантамырларды кесу суннет болып табылады. Ал Ханбали мәзһабында да Шафиғи мәзһабы сияқты бауыздалады.
[3] Фәтху-Бәбил-Ғиная, 3/59.
[4] «Майда» сүресі, 5-аят.
[5] www.dar-alifta.org
[6] Шафиғи мәзһабында «бисмилләны» айту уәжіп емес, мустахаб саналады. Егер оны әдейі айтпаса да ондай мал арам болмайды. Имам Ахмад және Заһири мәзһаб иелерінің көзқарасы бойынша Алланың есімін атау жалпылай уәжіп. Егер малды сойып жатып «бисмилләні» әдейі немесе ұмытып тастаса да жеуге болмайды. Имам Мәликтің бұл жайындағы көзқарасы әрқилы. Бірақ Мәлики мәзһабының кітаптарында келген пікірлер Ханафи мәзһабының көзқарасына сай келеді (әт-Тәзқияту уә суаруһә уә әнуәуһә әл мухтәлифә фи әш-шәрияти әл-исләмия, 28).
[7] Кітап иелерінің мал бауыздауы шариғаттың талаптарына сай болғандықтан етін жеуге рұқсат етілген. Өйткені олардың кітаптарында өлексені, буынып өлген, сүзісіп өлтірілген малдар арам делінген. Оған қоса малды бауыздарда Алланың есімін атап соятын болған. Осы жағынан олардың сойған малдары исламдағы бауыздау ретінде қарастырылып, жеуге рұқсат етілген. Бірақ қазіргі таңда олар бұл талаптарды сақтамауда. Сондықтан олардың бауыздаған малын жеуге болмайды. Тек шариғат талаптарына сай малды бауыздағаны анық болса ғана еті адал болады (Мухаммад Таки Усмани, Бухусу фи қадая фиқһияту муғасара, 441-443).
[8] «Анғам» сүресі, 121-аят.
[9] Мухаммад Таки Усмани, Бухусу фи қадая фиқһияту муғасара, 442.
[10] Фәтху-Бәбил-Ғиная, 3/59.
[11] Юсуф Қардауи, әл-хәләл уә әл-харам фи әл-исләм,