ИТ АСЫРАУ КҮНӘҒА ЖАТАДЫ МА?
Шариғатымызда итті тек қажеттілік үшін яғни, үй-жайды, малды және егіс алқабын күзетуге, сондай-ақ аңшылық мақсатында асырауға рұқсат етіледі. Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Ибн һумәм (Алла оны рақымына бөлесін): «Итті аң аулау, мал мен үйді және егістікті қарауылдау үшін асырыауға рұқсат. Ғұламалар бұл мәселеде бірауыздан келіскен. Десе де, ит асыраудағы басты мақсаты үйін ұры-қарылар мен дұшпандардан қорғау»[1] – деген.
Қазақ халқы да итті екі мақсатта асыраған. Бірі, малды және үйді қарап, қорғап жүретін – төбет ит. Екіншісі, аңшылықта серік болып, аң аулауға көмектесетін – құмай тазы ит. Ал итті ешбір қажеттіліксіз, ермек үшін асыраудан аулақ болу керек. Әбу һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ اقْتَنَى كَلْبًا لَيْسَ بِكَلْبِ صَيْدٍ وَلا مَاشِيَةٍ وَلا أَرْضٍ فَإِنَّهُ يَنْقُصُ مِنْ أَجْرِهِ قِيرَاطَانِ كُلَّ يَوْمٍ
«Кімде-кім шаруашылық пен егіншілік және аңшылықтан басқа мақсатта итті асыраса, оның сауабынан әр күні бір қират сауап кеміп отырады» [2], – деген.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) итті ұнатпайтын және оны мұсылмандар арасына жақындатпайтын. Оның бірден-бір себебі, ит бар үйге періштелер кірмейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
لا تدخل الملائكة بيتا فيه كلب ولا صورة
«Періштелер сурет пен ит бар үйге кірмейді»[3] – деп айтқан. Осы хадистен шығатын қорытынды үйдің ішінде ит асырау шариғатымызда құпталмайды.
Қорыта айтқанда, итті тек қажеттілік мақсатында (аң аулау, үйді, егін мен малды қорғау үшін) асырауға шариғатымыз рұқсат етеді. Ал басқа мақсатта ит асырау хадисте келгендей күнделікті сауапты кемітіп отырады.
[1] Ибн һумәм. Фатху әл-қадир, 7/119 б.
[2] Муслим, №1575.
[3]Бухари, Либәс, 88-94.