ҚҰРСАҚТАҒЫ БАЛАНЫҢ КЕМІСТІГІН АНЫҚТАУ МЕН ЕМДЕУДЕГІ ЗАМАНАУИ ӘДІСТЕРДІ ҚОЛДАНУДЫҢ ҮКІМІ
بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммедке оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай! Қоғамда туа бітті кеміс және түрлі қатерлі аурулармен туылып жатқан нәрестелерді кездестіруге болады. Қазіргі таңда заманауи медициналық әдістермен ананың құрсағындағы шарананың дерті анықталып, оған ота жасалуда. Заманауи медицинада диагностикалық әдістер инвазивті (іnvasive methods) және инвазивті емес (non invasive methods) болып, екі түрге бөлінеді. Инвазивті емес (яғни жарақатсыз, тәнге енбейтін) әдіс медицинада кеңінен қолданылады. Оған ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) әдісін жатқызуға болады. Ол қауіпсіз әдістердің бірі. Инвазивті әдіс жүкті әйелдің ағзасына ине тәрізді өте нәзік, жіңішке құралды енгізу арқылы жүзеге асырылады. Бұл әдіс өте қауіпті. Сол себепті бұл әдісті дәрігерлер баланың денсаулығын сақтау мәселесі туындағанда тағайындайды.
Мысалы: ұрық жанындағы сұйықтықты пункция арқылы алу (амниоцентез), кіндік тамырынан қан алу (кордоцентез), хорион бүрлерін биопсиялау[1] (хорионбиопсия) секілді жағдайлар. Сондай-ақ, ұрық жасушаларын ананың қанынан немесе ұрықтың өзінен алуға қажеттілік туындағанда осы тәсілге жүгінеді. Дініміз науқас адамға емделу жолдарын іздеуді міндеттейді. Усама ибн Шәриктен жеткен риуаятта шөл арабтары Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Дәрі ішіп, емделсек бола ма?» – деп сұрағанда, ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында Алла Тағала кәріліктен басқа әрбір дертті шипасымен қоса жаратты»[2], – деп жауап берген. Имам әл-Хаттаби: «Бұл хадис медицина саласын құптауға және емделудің рұқсат екеніне дәлел болады. Сондықтан, емделу мәкруһ емес, мубах саналады»[3], – дейді. Ендеше, кез келген диагностикалық әдістерді маманданған дәрігерлер жүргізетен болса, оны қолдануға рұқсат етіледі. Құрсақтағы баланың кемістігін емдеу тәсілдеріне де рұқсат беріледі. Алайда, аталмыш тәсілдерді қолдану, зерттеулер нәтижесінде табылған аурудан қауіпті болатын болса, ол әдісті қолдануға рұқсат етілмейді. Оған мына екі қағида дәлел: إذا تعارضت مفسدتان رُوعي أعظمهما ضررًا بارتكاب أخفهما «Егер екі зиянды нәрсе бір-біріне қарама-қарсы келсе, екеуінің қайсы бірінің зияны көбірек екенін ескеріп, зияны жеңілірегін қолданады», الضرر لا يُزال بالضرر المساوي أو الأشد «Зиянды нәрсе өзімен тең немесе зияны басым жолмен жойылмайды»[4].
ҮКІМ: Жатырдағы баланың кемістігін анықтауға әрі емдеуге арналған кез келген емдік тәсілдерді пайдалануға шариғат рұқсат етеді. Ол үшін төмендегі шарттар табылуы керек: - Ананың (немесе заңды өкілдерінің) келісімі; - Емдік тәсілдің ана мен құрсақтағы балаға зиян келтірмеуі; - Емдеу әдістерін маманданған дәрігерлердің жүргізуі. Ең дұрысы Аллаға мәлім!
[1] Биопсия (био және грек. оpsis-көру) – аурудың сипатын анықтау үшін науқас адамның зақымданған тінін кесіп алып, морфологиялық әдіспен тексеру.
[2] Әбу Дәуід, 4/192; Тирмизи, 4/383.
[3] «Мағалим ас-сунән», Имам әл-Хаттаби, 2/217.
[4] «Әл-ашбаһ уә ан-назаир», Суюти, 86-87 беттер.
fatua.kz