СӘБИ БАЛАНЫҢ ЗӘРІ НӘЖІСКЕ ЖАТА МА?
Ханафи мәзһабы бойынша адамның зәрі, оның ішінде сәбидің зәрі де ауыр нәжістер қатарына жатады[1].
Абдулла ибн Аббастан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: اِسْتَنْزِهُوا مِنَ الْبَوْلِ فَإِنَّ عَامَّةَ عَذَابِ الْقَبْرِ مِنْهُ «Кіші дәреттен (зәрден) тазаланыңдар, ақиқатында қабір азабының көпшілігі содан болады» [2].
Әли ибн Әбу Талиб Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: بَوْلُ الْغُلاَمِ الرَّضِيعِ يُنْضَحُ، وَبَوْلُ الْجَارِيَةِ يُغْسَل «Емізілетін ер баланың зәрі су шашып тазартылады, ал қыз баланың зәрі жуылады» [3].
Бұл жердегі ұл бала мен қыз баланың зәрін тазалаудағы айырмашылық ер баланың зәрі бір орынға түссе, қыз баланың зәрі шашыраңқы болып ауқымды орынды алады. Сол себептен қыз баланың зәрін жуу керек, ал ұл баланың зәрін су шашумен тазаласа жеткілікті делінген.
Ханафи мәзһабында кішкентай баланың зәрі ауыр нәжіс саналғандықтан зәр тиген жерлерді тазалау қажет. Ауыр нәжіс киімге, денеге немесе намаз оқитын орынға тиген жағдайда көлемі дирхам көлеміндей яки одан көп мөлшерде болса, онда киімді, денені және намаз оқитын орынды тазаламайынша намаз оқуға болмайды[4]. Намаз оқушының киіміне немесе денесіне көлемі дирһам тиынындай не одан аз мөлшердегі ауыр нәжіс жұқса мәкруһ болғанымен намаз оқи беруге болады. Көзге көрініп тұрған нәжісті таза сумен, не суға ұқсас сірке суы, гүлдің суы сияқты таза сұйықпен жуып тазалауға болады[5]. Қорытынды: Жоғарыда айтылған хадистерді негізге ала отыра, ұл баланың және қыз баланың зәрі ауыр нәжіс. Сондықтан зәрдің тиген орнын тазартып барып намаз оқуы керек.
Нығыман Жандос Әшімұлы
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Қажыбай қажы мешіті бас имамы
[1]«Әл-Биная шархул Һидая», Әл-Ъайни, 1/278.
[2]Ән-Нәуәуи. «Әл-Хуласа», 1/174. Хасан хадис.
[3]Хадис Әбу Дауд (378-б), Тирмизи (610), Ибн Мәжәһ (525) және Ахмадтың (1/76) хадистер жинағында келген.
[4]«Әд-дуррул мухтар уа хашияту Ибну Абидин», 1/318.
[5]«Әл-Лубәб», 1/50.