АЖЫРАСҚАН ӘЙЕЛДІҢ КҮТУ МЕРЗІМІ ҚАНША?
Шариғат бойынша әйел адамның күйеуі қайтыс болғаннан соң немесе ажырасқаннан кейін белгілі уақыт күтуі міндетті. Бұл кезде әйелге құда түсуге де, үйленуге де болмайды.
Құран Кәрімде: «Күйеуінен ажырасқан әйелдер (өзге еркекпен тұрмыс құрмай тұрып) үш хайыз (етеккір) мерзімін күтуі керек», – делінген («Бақара» сүресі, 228-аят). Хайыз қаны келмеген немесе жасы өтіп хайызы тоқтаған әйелдердің күту мерзімі (ғиддасы) үш ай, ал жүкті әйелдікі босанғанға дейін жалғасады. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Ал әйелдеріңнен етеккірден күдер үзгендері болса, егер (олардың мерзімдері жайында) күмәндансаңдар, онда олардың, сондай-ақ етеккір келмегендердің иддалары – үш ай. Ал жүкті әйелдердің күту мерзімдері – нәрестелерін босанғанға дейін», – деп айтылған («Талақ» сүресі, 4-аят).
Күйеуі қайтыс болған әйелдің ғидда мерзімі – төрт ай он күн. Бұл жайында Құранда былай айтылған: «Араларыңнан әлдебіреу қайтыс болса, артында қалған жесірлері (күйеуге шықпай) төрт ай он күн күтеді» («Бақара» сүресі, 234-аят). Ал қазақтың салтында қайтыс болған күйеуінің жыл асы өтпей тұрып әйелдің тұрмысқа шығуы ұят саналады.
Күту мерзімінде әйелдің жүкті немесе жүкті еместігі анықталады. Егер құрсаққа бала біткен болса, тегі шатаспайды. Сонымен қатар әйел адам ғидда мерзімін күту арқылы өзінің марқұм күйеуімен өткен ерлі-зайыптылық тұрмысына құрмет көрсетеді.
Некесі қиылған, бірақ шымылдыққа кіріп, күйеуімен оңаша қалмаған (жыныстық қатынасқа түспеген) қыз немесе әйел, талақ берілгеннен соң ғидда мерзімін күтуі міндет емес. Ол ғидда мерзімін күтпей басқа ерге күйеуге шыға алады.
1. Күйеуінен ажырасқан жас әйелдің ғиддасы – үш хайыз мерзімнің өтуі.
2. Жасына байланысты етеккірден қалған немесе белгілі себеппен хайыз қаны келмеген әйелдің ажырасқаннан кейінгі күті мерзімі – 3 ай.
3. Жүктілік кезінде күйеуімен ажырасқан әйелдің күті мерзімі баласын босанумен аяқталады.
4. Күйеуі қайтыс болған әйелдің ғидда мерзімі – 4 ай 10 күн.
5. Некесі қиылған, бірақ шымылдыққа кіріп, күйеуімен оңаша қалмаған қыз немесе әйел, талақ берілгеннен соң ғидда мерзімін күтуі міндет емес.
Шариғи тұрғыда (заңды) ажырасқаннан кейін әйелдер кемінде осы айтылған мерзімді күтіп, сосын өзге азаматқа тұрмыс құра алады. Ал әйелдің өз күйеуімен қайта некелесуге мүмкіндігі болса әрі татуласып жатса, айтылған мерзімді күтпей, олар некелесіп, қайта қосыла алады. Дегенмен Алла Тағала болмашы себептермен ажырасқан ерлі-зайыптыларды жақсы көрмейді. Сондықтан мұсылман ерлі-зайыптылар бір-бірін сыйлап, кешірімді болып, балалардың кейінгі тағдырын ойлап, сабырлық танытып, барынша отбасын сақтап қалуға тырысуы керек.
Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ
«Мұнара» газеті, №19, 2020 жыл