Жамағат намазының артықшылығы қандай?
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Алла Тағала Құранда айтады: «Рукуғ жасаушылармен бірге рукуғ жасаңдар» (Бақара сүресі 43-аят. Аударғандар:Әкімханов.А.Б, Анарбаев.Н.С. Көкжиек 2015жыл) Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Жамағат намазы жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе артық» (Имам Муслим риуаят еткен)
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір бойы жамағатпен намаз оқуды тастаған емес, тіпті ауырып қалған жағдайда да. Тек аса сирек жағдайда ғана жамағат намазына қатыса алмаған. Сол секілді сахабалар да жамағат намазынан қалмайтын, жамағат намазына ұқыптылықпен қарайтын. Сол заманда жамағат намазына тек ауру немесе екіжүзділігі белгілі адамдар ғана қатыспайды екен. Ардақты сахаба Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) айтады: «Расында Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туралықтың жолын үйретті. Ал туралық жолдарының бірі- азан айтылатын мешіттегі намаз.» (Имам Муслим риуаят еткен.)
Жамағат дегеніміз-имам мен имамға ұюшы адамның арасында пайда болатын байланыс. Жұма намазы үшін имамнан бөлек үш адам жамағат деп есептеледі. Басқа намаздар үшін имамнан тыс бір адам да жеткілікті.
asyldin.kz