Құран хатым туралы естіп жатырмын, Құранды хатым еткенде оны қазақша транскрипциясында оқуға бола ма? Қазір жүзден, парадан бөліп алып жатады ғой, оған барлық адамға бірдей сауабы беріле ме?
«Хатым» сөздікте «бітіру, аяқтау» дегенді білдіреді. Ал «Құран хатым» дегеніміз – Құранды бастан аяқ оқып шығу деген сөз. Ал Құранды оқу құлшылық болып саналады, оқыған адам сауап алады.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Кімде-кім Алланың кітабынан (Құраннан) бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылық он еселенеді. Мен әлиф, ләм, мимді бәрін қосып бір әріп демеймін, әлиф – жеке әріп, ләм – жеке әріп, мим – жеке бір әріп. Әрқайсысына жеке сауап жазылады» деген (Тирмизи, «Сүнән»).
Ал енді, оны қазақша транскрипциясынан хатым ету мәселесіне келсек, араб тілінің әліппесіндегі бірқатар әріптер біздің қазақ (кириллица) әріптерінде жоқ. Мысалы, араб тілінде с-ның үш түрі, з-ның үш түрі, х-ның екі түрі, д-ның екі түрі, т-ның екі түрі бар. Осы әріптерді дұрыс шығармаса, дұрыс оқылмаса сөздің мағынасы өзгеріп кету қауіпі бар. Ал Құран Кәрімнің оқылу ережесі сан алуан қағидаларды қамтитын өзінше бір ілім. Ол тәжуид ілімі деп аталады. Сондықтан сізге Құранды арапшадан оқып үйренгеніңіз, транскрипциясынан хатым еткеннен артығырақ сауап болады. Құранды тәжуид ережесіне салып оқу уәжіп (міндет) болады.
Исламда бірнеше адамның бірігіп хатым Құран жасауы «Идәротул Құран» деп аталады. Бұлай істеу ерікті іс.
Имам Нәуәуидің осы жайында мынадай сөзі бар: «Құран идәросы дегеніміз – бір топ адам жиналып, бірі Құранның он бетін немесе бір парасын не одан басқасын оқиды да келген жерінде тоқтайды. Кейін келесі адам оның тоқтаған жерінен жалғастырып оқиды. Одан соң келесі адам оқиды. Бұл – рұқсат етілген жақсы амал. Имам Мәлік осы жайында сұраған адамға: «Оның ағаттығы жоқ» деп жауап берген» (Имам ән-Нәуәуи: Тибян фи әдәби хамалатул Құран).
Бір хадисте: «Кім бір жақсылыққа бастау болса, өзінен кейін бір кісі істесе ол да соны істеген адамның сауабындай сауап алады», - деген (Сахих Мүслім).
Осы хадис негізінде, сауап бәріне ортақ деуге негіз бар.
Есбол Алпысбаев
Меркі ауданы «Меркі ата» мешітінің ұстазы