ТӨЛЕМ КАРТАЛАРЫН ҚОЛДАНУҒА РҰҚСАТ ПА?
Банк картасы – эмитенттің (айналысқа ақша, бағалы қағаз, есептесу-төлем төлеу құжаттарын шығарушы мемлекет, мекеме, ұйым) жеке және заңды тұлғаларға тауарлар мен қызметтердің ақысын қолма-қол ақшасыз төлеуге, қарыз алуға, сондай-ақ электронды терминал арқылы қолма-қол ақша алуға мүмкіндік беретін дербес төлем құралы.
Төлем карталарының көбірек таралған түрлері мыналар: дебеттік карта (Debit Card) және кредиттік карта (Credit Card).
Дебеттік карта – ұстаушысына клиенттің банк шотындағы ақша сомасы шегінде төлемді немесе ақша аударымын жасауға мүмкіндік беретін төлем карточкасы.
Дебеттік картада шоттан қаражаттың алынуы сол сәтте жүзеге асады. Бұл картада кредит беру қарастырылмайды. Картаны пайдаланғаны үшін клиенттен төлемақы алынбайды. Терминал арқылы қолма-қол ақша алғанда немесе басқа банктен валюта сатып алғанда ғана ақы алынады. Дебеттік карта кейде ақысыз да шығарылады. Кейбір эмитенттер дебеттік картаны қабылдаушы тарапынан (акцептант) тауарлар мен қызметтер құнының белгілі бір пайызын алады (Әл-Мәғаир аш-шарғия, 77-78).
Кредиттік карта – эмитент пен клиент арасында жасалған банктік қарыз шартының талаптарымен эмитент берген банктік қарыз сомасы шегінде ұстаушысына төлемдерді немесе ақша аударымдарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін төлем карточкасы.
Кейбір эмитенттер клиентке қарызды пайызбен немесе пайызсыз беруі мүмкін. Алайда қарызды уақытынан кешіктірсе, айыппұл белгіленеді.
Дебеттік картаның кредиттік картадан негізгі айырмашылығы, клиент ақшаны бірінші картаның шотына салады, содан кейін ғана онымен төлемдер немесе есеп айырысулар жүргізе алады. Ал кредиттік картада клиент эмитент тарапынан қарыз алады, кейін банк алдындағы берешегін белгіленген мерзімде өтеп береді.
Төлем карталардың сипаттамасына қарай оның шариғи үкімдері де әрқилы. Дебеттік картада эмитент пен клиент арасындағы байланыс уәкәлә (өкілдік) ретінде қарастырылады. Мұндай жағдайда эмитент картаға байланысты төлемдерге ақы алуына болады.
Дебеттік картаның эмитенті карта қабылдаушыларынан тауарлар мен қызметтер құнының белгілі бір пайызын алуына рұқсат етіледі (Нәзиһ Хаммад. Қадая фиқһияту муасара, 153. Абдулуаһһаб Әбу Сулайман. Әл-битақоту әл-банкия, 150. Әл-муамәләту әл-мәлияту әл-муасара. 128).
Бұл карта қабылдаушының (саудагер, қызмет көрсетуші т.б.) жарнамасына, тауардың өтуіне көрсеткен банктың қызмет ақысы болып саналады (Әл-жәуәнибу әш-шәрғия, 79). Оған қоса бұл карта арқылы карта қабылдаушыларға клиенттер тартылады. Себебі карта иесі картамен есеп айырысатын орынға ғана баратыны белгілі (Ислам фиқһ академиясы, 8-саны, 2/623).
Карта иесіне шариғатта тыйым салынбаған ерекшеліктерді берудің оқасы жоқ. Мысалы, карта иесіне қызмет көрсетуде артықшылық беру, әуе компанияларында, қонақ үйлерде немесе мейрамханаларда бағаны төмендету секілді жеңілдіктер беріледі (Әл-Мәғаир аш-шарғия, 82). Төлем барысында клиентке қайтарылатын кэшбекке рұқсат етіледі. Яғни клиенттің бір затты сатып алу немесе төлемдер төлеу барысында картасына түскен бонустарды қолдануға болады. Алайда тек сол бонусқа қол жеткізу мақсат болып қалмау керек.
Ал кредиттік карта эмитент пен клиент арасындағы байланыс қарыз ретінде қарастырылады. Бұл жағдайда карта шығарудың нақты құнынан басқа, ақы алуға жол берілмейді. Өйткені қарыздың үстінен ақы алу төрт мәзһаб ғалымдарының көзқарасы бойынша дұрыс емес. Оған қоса кредиттік картаның шартында кешіккен жағдайда клиентке өсімақы белгіленсе, тіпті карта иесі уақытында төлеп отыруға сенімді болса да, бұл картаны қолдануға болмайды. Өйткені қарыз келісімінде өсімді шарт етудің өзі оны пайдалануға тыйым салуға жеткілікті.
Ислам Фиқһ Академиясының №108, 2/12 қарарында: «Кредиттік төлем картаның негізінде өсімге алып баратын шарт қамтылған болса, оны шығаруға да, қолдануға да болмайды. Тіпті клиент ақысыз жеңілдігі бар кезеңде төлеуге ниетті болса да рұқсат жоқ», – делінген.
ҮКІМ:
- Дебеттік картаны қолдануға рұқсат етіледі.
- Эмитент карта қабылдаушыдан тауарлар мен қызметтер құнының белгілі бір пайызынан комиссия алуына болады. Бірақ карта қабылдаушы тауардың құнын өсірмей, нарықтағы бағаға сатуы қажет.
- Эмитент клиенттен картаның қызметіне, оны шығару мен қайта ауыстыруына, ақы алуына болады.
- Дебеттік карта арқылы алтын, күміс және қолма-қол ақшаларды сатып алуға болады.
- Клиенттің бір затты сатып алғаны үшін жеңілдік ретінде түскен бонустарды қолданудың оқасы жоқ.
- Кредиттік картада өсімге алып баратын шарт қамтылғандықтан, қолдануға болмайды.
- ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі