ОРАЗАДА ТІС ПАСТАСЫН ҚОЛДАНУҒА БОЛА МА?
Аузы берік адам тіс пастасын қолданса болады. Бастысы ішке кетіп қалмауын қадағалауы керек[1]. Себебі оразаны ішке кірген нәрселер бұзады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: الفطر مما دخل «Ораза – ішке кірген нәрселер (яғни ауыз, мұрын, тік ішек секілді табиғи жолдар) арқылы бұзылады»[2]. Алайда тіс пастаның дәмі ауыз қуысында бірақ уақытқа дейін сақталғандықтан мәкруһ саналады[3].
Ханафи мәзһабы бойынша «Радду әл-мухтар» атты кітапта: «Себепсіз бір нәрсенің дәмін тату және шайнау – мәкруһ»[4], - делінген. Тіс пастасын қолдану ауызы берік адамға айтарлықтай назарға алынатын себеп болып саналмайды. Сол үшін оны таң намазының уақыты кірмей жатып қолданған дұрыс. Дегенмен ораза ұстаушы тіс пастасының орнына мисуакты пайдаланған абзал. Айша (р.а) анамыздан жеткен хадисте: مِنْ خَيْرِ خِصَالِ الصَّائِمِ السِّوَاكُ «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Аузы берік кісінің тіс тазалағышы ол – мисуак»[5], - деген.
Ендеше тіс пастасы ішке кетіп қалу ықтималдығы болғандықтан әрі ауыз қуысында дәмі ұзаққа сақталғандықтан ықтияттылық ретінде оны таң намазының уақыты кіргенге дейін қолданған дұрыс. Алайда оның орнына мисуакты қолданған абзал.
Айтуған Тойбазар
СҚО бойынша пәтуаға жауапты маман
[1] У.Зухайли, Фатауа муғасыра, 34.
[2] Әл-Бәйһақи. Әс-Сунан әл-Кубра, 1/116.
[3] Таһмаз, Әл Фиқһул Ханафи, 1/422-424 бет.
[4] Радду әл-мухтар, 3/395. [5] Ибн Мәжә, №370.