ТАРАУИХ НАМАЗЫ ҚАЛАЙ ОҚЫЛАДЫ?
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Кімде-кім рамазан айын иманмен Алладан сауап үміт ете отырып өткізсе, оның алдыңғы өткен күналары кешіріледі.» (Бұхари, Муслим жеткізген.)
Тарауих намазы ер мен әйелге бекітілген сүннет айн. Ал оны жамағатпен оқу бір елдімекен тұрғындары үшін сүннет кифая. Әр екі ракат сайын немесе әр төрт ракат сайын бір сәлем беріп оқиды. Жалпы жиырма ракат. Бұл намаздың уақыты құптаннан кейін таң атқанша жалғасады. Бірақ үтірден алдын оқу мұстахап. Үтірді тарауихтан алдын оқыса сахих, бірақ тарауихтан кейін оқу абзал. Тарауихты түннің үштен бірі өткенше немесе жартысы өткенше кешіктіру мұстахап. Түннің соңғы бөлігіне дейін кешіктіру макруһ емес. Әр төрт ракат сайын төрт ракат намаз уақытындай демалып отыру мұстахап. Сол секілді тарауих пен үтір арасында тынығып отыру мұстахап. Рамазан бойғы тарауихта Құранды бір рет хатым ету сүннет. Жамағат жалқауланса да Құранды хатым етуді тәрк етуге болмайды. Жамағат жалықса да әр қағдада салауат айту тәрк етілмейді. Сәнә, рукуғ пен сәжденің тасбихтары да тәрк етілмейді. Сондай-ақ бір қағдада дұға айтуды тастауға болмайды. Бірақ сүннетті орындау үшін қысқа дұға айту абзал. Тарауих намазының қазасы жамағатпен де, жекелей де оқылмайды.
Абдуссамад Тұрсынбеков
Сарысу ауданы бойынша пәтуаға жауапты қызметкер