Ата-анамыз тойды арақпен өткізейік дейді, ата-анаға бағыну керек пе?
Қасиетті Құран Кәрімде ішімдік ішудің күнә әрі барлық қылмыстың бастауы екендігі баян етілген. Алла Тағала «Маида» сүресінің 90-91 аяттарында айтады:
«Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу – шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?»-деп, бұл жамандық атаулыдан аулақ болуға шақырады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араққа байланысты он кісіге лағынет айтқан: «Арақты сығушы, сығуға тапсырыс беруші, ішуші, тасушы, алдыртушы, құюшы, сатушы, арақтан түскен пайданы жеуші, арақты сатып алушы және сатып алдырушы» (Тирмизи, Ибн Мәжа).
Хадистерде: «Әрбір мас етуші (ішімдік) – арақ, барлық арақ түрі – харам» (Муслим)және «Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де – харам» (Ахмед, Әбу Дәуід және Тирмизи), – деп баяндалған.
Кез келген адамның ақылдан айырып, мас ететін ішімдік арақ болып табылады. Мұндай ішімдіктің бір жұтымы да – харам. Жаратқан Иеміз адамзат атаулына ата-анаға жақсылық қылуға бұйырып, өсиет еткен.
Алла Тағала былай бұйырады:
﴿وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُواْ إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلاَهُمَا فَلاَ تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلاَ تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلاً كَرِيماً * وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيراً﴾
«Раббың Өзінен басқаға құлшылық қылмауларыңа және ата-анаға ізгілік қылуларыңа бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, ол екеуіне «түһ» деп те айтпа, оларға дауыс та көтерме, оларға тек жақсы сөз сөйле. Оларға мейірімділік пен кішіпейілділіктің қанатын жайып: «Раббым! Олардың кішкентайымда мені тәрбиелегені секілді оларға рахым ет» деп айт».
﴿وَوَصَّيْنَا الْإِنسَانَ بِوَالِدَيْهِ حَمَلَتْهُ أُمُّهُ وَهْناً عَلَى وَهْنٍ وَفِصَالُهُ فِي عَامَيْنِ أَنِ اشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ إِلَيَّ الْمَصِيرُ﴾
«Біз адам баласына ата-анасына ізгілік қылуды өсиет еттік. Оны анасы әлсіздік үстіне әлсіздене жүріп көтереді де, оны екі жылда емшектен шығарады. Маған және ата-анаңа шүкірлік қыл! Шындығында, қайтатын жағың Мен жақ» (Лұқман, 14).
Күнәлі болған істерде ата-анаға бой ұсынылмайды. Алла Тағала былай деп бұйырады:
﴿وَإِن جَاهَدَاكَ عَلى أَن تُشْرِكَ بِي مَا لَيْسَ لَكَ بِهِ عِلْمٌ فَلَا تُطِعْهُمَا وَصَاحِبْهُمَا فِي الدُّنْيَا مَعْرُوفاً﴾
«Ол екеуі өзің білмейтін нәрсені Маған серік қосуың үшін сенімен күрессе, онда оларға бойсұнба. Алайда олармен осы дүниеде жақсы қарым-қатынаста бол» (Лұқман, 15).
Демек, ата-ана күпірлікке, күнәлі істерге бұйырғанда оларға бойсұнуға болмайды. Бірақ, соған қарамастан олармен жақсы қарым-қатынаста болу міндеттелінген.
Түйін:
Ата-ана, бауырларымызға арақтың харам екендігін, дінімізде Алла Тағала тыйым салғанын айтып, одан тыйылмаған адамның Алла Тағаланың алдында күнәһар болатындығын айтып, ол арақтың адам өміріне, қоғамға зиян екендігін түсіндіру керек. Ислам шариғаты бойынша той-томалақ арақсыз, шариғат тыйым салған істерсіз, шариғат шеңберінде өтуі керек.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араққа байланысты он кісіге лағынет айтқан: «Арақты сығушы, сығуға тапсырыс беруші, ішуші, тасушы, алдыртушы, құюшы, сатушы, арақтан түскен пайданы жеуші, арақты сатып алушы және сатып алдырушы».
Есбол Алпысбаев
«Меркі ата» мешітінің ұстазы