Бақсы-балгердің айтқандарына сенуге бола ма?
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Лұқман» сүресінің 34-аятында былай дейді: «Расында, қиямет қайымның қай сағатта орнайтындығы жайлы нақты мәлімет бір Алланың құзырында. Жаңбырды да (қалаған уақытында, қалаған жеріне) бір Өзі жаудырады. Құрсақтарда жатқандардың да (барлық қасиеттері мен ерекшеліктері) бір Өзіне ғана мәлім. Бірде-бір жан ертеңгі күні не табатынын нақты білмейді. Сондай-ақ, ешбір жан қай жерде өлетінін де нақты білмейді. Анығында, бәрін лайықты түрде білетін, барлық нәрседен толық хабардар болатын бір Алла ғана». (Құран кәрім. Қазақша түсіндірмелі аударма,/ауд. А.Әкімханов, Н.Анарбаев Алматы, «Көкжиек» баспасы, 2015.)
Айша анамыз (р.а.) жеткізген бір хадисте: «Бірде бір топ адам Алла Едшісінен (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) сәуегейлер жайында сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у) «Олардың айтатыны шындық емес», -деді. Сонда әлгі кісілер: «Уа, Алла Елшісі! Кейде олардың бізге айтқандары тура болып жатады.»-деді. Сонда Алла Елшісі (с.а.у.) : «Ондай ақиқат сөздерді жындардың бірі алдымен (періштелерден) ұрлап алып, кейін оны досының (яғни, балгердің) құлағына сыбырлайды. Ал, балгерлер сол сөзге өз ойынан жүз өтірік қосып (болашақты білетіндей) бал ашады»,-деп айтты.
Демек, аят-хадистерде алда болатын кез келген бір істің ақиқатын бір Алладан басқа ешкім білмейтіндігі нақты айтылған. Бақсы –балгерлерге сенудің өте ауыр күна екенін барлық ғұламалар бірауыздан келіскен. (Ахкамул Құран лил Жассас 1-том, 59-бет.) Сондықтан, бақсы, балгер, сәуегей, көріпкелдерге сенуге, баруға болмайды. Барып қойған адамдар міндетті түрде Алладан кешірім сұрап, тәубе етуі керек. Алла Тағала баршамызға һидаят беріп, тура жолынан адастырмасын. Әмин.
Абдуссамад ТҰРСЫНБЕКОВ
Сарысу ауданы бойынша пәтуаға жауапты қызметкер