ЕГЕР ҚАНДАЙ ДА БІР АДАМ ҚҰРАН ОҚЫП ЖАТҚАН БОЛСА, ОНЫ ТЫҢДАП ТҰРУЫМЫЗ КЕРЕК ПЕ?
Бисмиллаһир Рахманир Рахим.
Алла Тағала Құран Кәрімде Ағраф сүресінің 204-ші аятында: "Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдаңдар да үндемеңдер. Әрине мархаметке бөленесіңдер!"-,деп баяндайды.
Бұл аятта Алла Тағала Құран оқылып жатқан кезде, Оны (Құранды) тыңдауға бұйрық беруде. Сіздің сауалыңыз Құран оқылған кезде қасында тұрғандар қандай амалда болулары керектігі жайында екен.
"Құранды тыңдаңыздар" деген үкім жөнінде көптеген хадистер бар. Құранды құрметтеу, Құранға қатысты әдептерді сақтау әр бір мұсылманның міндеті болып табылады. Құранға қатысты сақталатын ережелердің бірі - Құран оқылып жатқан кезде жақсылап зер салып, көңіл бөліп тыңдауымыз керек. Көңіл бөліп дегеніміз -Құрандағы аяттар үкімдеріне сай амал ету. Егер Құранға лайықты амал жасалатын болса, Құран мүміндерге тыныштық пен игіліктер алып келеді.
Намазда, құтпада т.б. кездерде Құран оқылып жатқан болса, оны тыңдау - парыз болып саналады. Бұл мәселеде ғалымдардың ортасында ешқандай пікір-таластар жоқ.
Ал енді Құран намаздан және құтпадан т.б. тысқары оқылып жатқан болса,адамдар мән берместен өз шаруаларымен айналыса берсе болады ма, деген сауалға Ғалымдардың әр түрлі өз пікірлері бар.
Кейбір Ғұламаларымыз Құранды тыңдау - парыз, оны тыңдамаса күнә болады деп санайды. Сол себепті адамдар күнделікті өз шаруаларымен айналысып жатқан кезде, олардың қастарында Құранды дауыстап оқымағанымыз абзал.Егер дауысталып оқылса, Құран оқыған адам күнәһар болып есептелінеді дейді.
Ал енді тағы да кейбір ғұламаларымыздың пікірлері бойынша, Құранды тыңдау үшін оқылып жатқан жерлер болса, мысалы намазда, құтпада т.б. онда Құранды баршасы тыңдауы парыз болып саналады. Егер де Құранды бір немесе бір топ адам әрқайсысылары жекелей түрде өзімен-өзі оқып жатқан болса, онда оларды тыңдау міндетті емес. Бұған дәлел, кейбір хадистерде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түн кезінде Құран оқып отырған кездерінде, жұбайлары бұл кезде ұйқыда болып, тынығып жатқан кездері болған.
Бұл хадистің мазмұнынан ғалымдар Құран намаздан тыс оқылып жатқан болса, оны тыңдаған адам соңына дейін тыңдап, күтіп отырулары міндетті емес. Өз шаруаларымен айналыса берулеріне болады деген қорытынды шешімге келген. Күтіп тыңдаймын десе де өз еріктерінде делінген.
Ал енді адамдар өз шаруаларымен айналысып жүрген жерлерінде өздері де Құранды оқығылары келген болса,іштерінен оқулары керек. Білуші Алла.
Ү.Сабырханов
Т.Рысқұлов ауданы бойынша пәтуаға жауапты маман