Ассалаумағалайкум. Менің сұрағым бар еді. Көшеден тауып алған затты алуға болады ма? Абдулла.
Уағалайкумассалам уа рахматуллаһи уа бәрәкатуһ. Жалпы жоғалған затты «луқата» деп атайды. Луқата – иесі белгісіз, тауып алынған құны бар затқа қатысты айтылатын сөз. Жоғалған затты тауып алған адам иесіне қайтару ниетімен оны алуы – мубах (ұнамды іс). Тауып алғанын міндетті түрде жария етеді. Иесі табылса, қайтарып беру арқылы сауап алады. Ал «маған аспаннан түскен ризық» деп қалтасына салып алуы – харам. Егер даладан, басқа жерден құнды зат тауып алсаңыз оның аманат екенін ұмытпаған дұрыс.
Өзгеге тиісілі бір затты байқап қалып алатын болсаңыз, алдымен куәгер тауып алу керек. Сондай-ақ ол кісіге иесін табу мақсатында алғаныңызды айтып, өзіңіз туралы ақпарат қалдырып кетесіз. Іздестірудің басқа да жолдарын қарастырып көру қажет. Мысалы, теле, радио немесе әлеуметтік желі арқылы хабарландыру таратуға болады. Бұл әрине, бағалы, жоғалтқан жанның жанына бататындай қомақты сома болған жағдайда ғана. Ал егер аз ғана тиын-тебен болса қажеті болмайды. Сонымен қатар, шариғатымызда құнды дүниені иесі табылғанша бір жыл сақтау керек. Қожайыны табылса қайтарып бересіз, ал табылмаған жағдайда кедей болса, өз қажетіне жаратуға болады. Ал егер жағдайыңыз болып тұрса, кем-кетік жандарға таратып беру керек.
Ахат ҚАЙЫПБЕРГЕНҰЛЫ
Талас ауданы. Аудандық «Қаратау Қажи би»
орталық мешітінің ұстазы