Адамға құрмет көрсету мақсатында орнынан тұруға рұқсат етілген бе?
Теріс ағымда жүріп, адасушы көзқарасты ұстанатын адамдардың айтуынша, әлдебір адамға құрмет көрсету мақсатында орнынан тұруға болмайды. Оған дәлел ретінде олар Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына бір хадисін келтіреді:
«Менің көзімше араб еместер жасайтындай орындарыңнан тұрмаңдар».
Алайда олар бұл хадисті бұрыс түсіндіреді. Аталмыш хадисте мүлде орнынан тұрмау керек деп айтылмаған, дәлірегінде, сол дәуірдегі халықтың: жағымпаздық, тәкаппарлық пен құрметке деген сүйіспеншілігі сыналады. Ал өзге бір хадисте әлдебір адам үшін адамдардың орнынан тұру тілегі сынға алынады, алайда тақуа, сыйлы әрі ересек адамға құрмет көрсету ретінде орнынан тұру әбестік емес. Бұған келтіретін дәлел жетіп артады.
Насаи, Әбу Дәуд, Тирмизи Айша анамыздың (р.а.) былай айтқанын келтірген:
«Алла Елшісі (ﷺ) қызы Фатима келгенде, орнынан тұрып амандасып, сүйіп, қолынан ұстап қасына отырғызатын. Алла Елшісі (ﷺ) келгенде Фатима да (р.а.) құрмет көрсетіп орнынан тұратын. Бірде мединелік сахабалардың үлкені Са‘ду бину Мұғаз келгенде Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Үлкендерің келгенде орындарыңнан тұрыңдар (имам Бұхари).
Жафар сахаба Эфиопиядан келе жатқанда оған жолдан Зайд бину Харисат қосылады, сонда Алла Елшісі (ﷺ) оларды орнынан тұрып қарсы алған. Имам Науауи «Шархул-Мүслим» кітабында былай жазған:
«Беделді адамдарға құрмет көрсетіп, орнынан тұру сүннет болып табылады. Бұған көптеген хадистер дәлел. Құрмет көрсету ретінде орнынан тұруға тыйым салатын бірде-бір сенімді хадис жоқ» (12 том, 93 б.)
asyldin.kz