Медициналық бетпердемен намаз оқуға болады ма?
Жалпы ауызды жауып намаз оқу мәкруһ саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл іске тыйым салған. Себебі ауызды жауып намаз оқу қырағат етуге, бекітілген зікір-тәсбихтарды айуға кедергі болады. Егер ауызын қолымен жапса, қолға байланысты бекітілген сүннетті тастаған болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
كفوا أيديكم في الصلاة
«Намазда қолдарыңды (көтере бермей) тыйыңдар», – деген.
Егер ауызын киімімен жабатын болса, онда мәжусилерге (отқа табынатындарға) ұқсап қалады. Өйткені олар отқа табынатын кезде беттерін орап, жауып алатын болған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бетін орап намаз оқуға тыйым салды. Тек есінеген кезде ауызды жабудың оқасы жоқ деген[1].
Имам Тахтауи:
(Түмшеніп бетті жабу макрух) тәләссум – жамылғымен ауызды жабу. Лиқом – мұрынның үстінде тұратын нәрсе. Ал Зайләғидің көз-қарасы бойынша тәләссум дегеніміз – мұрын мен ауызды намазда жабатын нәрсе.[2]
يكره التلثم و هو تغطية الانف و الفم في الصلاة.
Тәләссум макрух – ол намазда мұрын мен ауызды жабу.[3]
Қорытынды: Шариғатта қандайда жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде аурудың етек алуын тоқтатуда карантин қажет екені атап айтылған. Сондықтан қазіргідей көзге көрінбейтін зиянды дерт тараған кезде оның алдын алу – әрбір мұсылман баласы үшін міндет. Сол себепті бетпердемен намаз оқудың макрух болған үкімі жойлып, керісінше бетпердемен намаз оқу міндет болады.
وَلاَ تَقْتُلُواْ أَنفُسَكُمْ
«...Және өздеріңді-өздерің өлтірмеңдер...»[4]
إِنَّ اللّهَ لاَ يَظْلِمُ النَّاسَ شَيْئًا وَلَكِنَّ النَّاسَ أَنفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ
«Алла адамдарға еш зұлымдық қылмайды. Бірақ адамдар өздеріне өздері зұлымдық қылады»[5]
Алла Елшісі (с.ғ.с) 629 жылы Табук жорығына шығып, Сирия жеріне аяқ басып, іле-шала кері шегініп кетуіне осында оба ауруының шығуы себеп болған еді. Әзіреті Омардың (р.а) халифалығы кезінде Шам жорығында, ол жерден оба індетінің шыққанын естіп, кері шегінуі кезінде, Әбу Убайда (р.а): «Алланың тағдырынан қашамысың?» — деген еді. Сонда, Омар (р.а): «Иә, Алланың тағдырынан тағы да Алланың тағдырына қашып барамыз» деген болатын. Демек, жұқпалы індеттен сақтану – мұсылманның асыл уәзипаларының бірі болып саналады.[6]
Алла дұрысын білуші.
Боханов Наркес Бақытжанұлы