Үйде ит асыраса періштелер кірмейді деген рас па?
Біріншіден, Алла тағала әрбір тіршілік иесін белгілі бір міндеттер мен қызметтер үшін жаратқан. Шариғатта иттердің негізгі міндеттері ретінде адамды һәм оның мал-мүлкін қарауылдау және аң аулау сияқты істер көрсетілген. Қазақ халқы ертеден итті тек осы мақсаттарда ғана пайдаланған болатын. Ханафи фиқһында иттің өзі нәжіс болмағынмен оның сілекейі нәжіс екендігі айтылған. Сондықтан, мұсылман адамға иттін үйге кіргізіп, оны көрпе-төсеке, ыдыс-аяққа араластырмай сыртта асырағаны дұрыс.
Екіншіден, ит асыраған үйге қандай періштелер кірмейді деген мәселе. Әбу Талха (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Ит пен мүсіні бар үйге періштелер кірмейді» (Бұхари, Мүслим). Осы сияқты хадистерде жалпылама түрде келгенімен, хадистерге түсіндірме берген ғалымдар иті бар үйге мейірім, рахым періштесі ғана кірмейтіндігін, ал қалған өлім періштесі, адамның амалдарын жазушы періштелер сияқты басқа да періштелер кіретіндігін айтқан. Яғни, ит асырайтын үйге мейірім, рахым періштелері ғана кірмейді.
Үшіншіден, қазіргі таңда мұсылмандар арасында осындай мәселелерді алға тарта отырып иттерді ұнатпау, оларды арам санау сияқты қате бір түсінік қалыптасқан. Итті далада асырау деген оны шынжырға байлап қойып, ас-сусыз қалдыру яки болмаса аптақ ыстық пен қақаған аязда паналайтын жерсіз қалдыру деген сөз емес. Оны асыраған адам жағдайын жасап, үйшігін жылылап, уақытылы ас-суын беріп отыру керек. Осыған орай пайғамбарымыз (с.ғ.с) әрбір тіршілік иесіне мейіріммен қарауға, жанашырлық танытуға шақырған. Жан-жануарға жақсылық жасау жайлы келген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабалардың: «Уа, Алла елшісі! Жан-жануарға жасаған жақсылық үшін де сауап ала аламыз ба сонда?»,- деп сұрағына, пайғамбар (с.ғ.с): «Әрбір тіршілік иесіне жасалған жақсылықта сауап бар»,- деп жауап берген еді (Бұхари 2190). Демек, кез келген тіршілік иесін белгілі бір сипаттары себепті ұнатпауға яки оларға зиян беруге шариғатта тыйым салынған. Сондықтан, оларға зиян беріп күнә арқалағанша, жақсылық жасап сауап жинаған жақсы болары сөзсіз.
Нұрлан МҰРАТ
"Һибатулла Тарази" мешітінің ұстазы
asyldin.kz