Дәретхана (туалет) құблаға қарама-қарсы орналасса макрух бола ма? Пәтердің дәретханасы қыблаға қарап тұрса күнә ма?
Әбу Һурайра (р.а) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с): «Біріңіз қажетін өтегісі келсе, құбылаға алдын немесе артын қаратып отырып дәретін сындырмасын»,- деген болатын (Мүслим, 265-хадис). Бұхари мен Муслимде келген басқа бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с) үйінде Шам тарапына қарап отырып дәрет сындырғандығы және Құбыла артқы жағында болғандығы жайлы айтылған (Бұхари 148-хадис, Муслим 266-хадис). Одан бөлек Ибн Омар (р.а.) осы мәселе жайлы былай деген: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бізге иен далада дәрет сындырған жағдайда құбылаға алдын яки артын беріп отыруға тыйым салған. Алайда, дәретхана үйде немесе дәрет сындыратын жер қоршалған болса, онда құбылаға алдымен яки артымен қарап отырудың ешқандай әбестігі жоқ».
Осыған орай көпшілік мұсылман ғалымдары мәселеге қатысты осындай хадистерді жинақтап ортақ мағына шығару мақсатында мынадай үкім берген: Егер жасырынып дәрет сындыратын ешқандай нәрсе жоқ иен далада болса құбылаға алдымен немесе артымен қарамай қажетін өтеген дұрыс болады. Ал, үй ішіндегі дәретханаларда қай жаққа қарап болса да қажетін өтеуде ешқандай әбестік жоқ. Дегенмен, мұсылман адам үйінің құрылыс сызбасын жоспарлау барысында яки дәретханасын жаңартуды қаласа дәрет сындыратын орынның (унитаз) құбылаға қарамауына мән бергені жақсырақ болады.
Нұрлан МҰРАТ
"Һибатулла Тарази" мешітінің ұстазы
asyldin.kz